$ 447.4  477.55  4.76

Елімізде «онлайн алаяқтықтың» жаңа түрі пайда болды

Көп өтпей, оның картасына 40 мың теңге ақша түседі. Бірақ, артынша қоңырау шалған әлгі көмек сұраушы: «Ауруханаға бармай-ақ қойыңыз, маған ақшаны қайтара аударып жіберіңіз. Мазалағаным үшін 3 мың теңгесін өзіңізге қалдыра салыңыз», – дейді.

2020 жыл басталмай жатып, еліміз аумағында интернет алаяқтықтың жаңа бір түрі бой көрсетті. Бұл туралы бізге Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта мәлім етті.

Қаңтар айының басында Петропавл қаласының тұрғынына шағын қаржы ұйымынан несиені өтеу туралы хабарлама келеді. Бұл аң-таң. Еш жерден несие рәсімдемеген еді, «басқа адамның несиесін өтеу туралы хабарламаны қателесіп маған жіберіп отыр ма?» деп бір ойлайды.

Кейін мәселенің мән-жайын анықтай келе, ол өзінің интернет-алаяқтықтың құрбаны болғанына көз жеткізіпті. «Мұндай қылмыс бұрын облыс аумағында тіркелмеген еді», – дейді тәртіп сақшылары.

Сөйтсе, осыдан біраз уақыт бұрын «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде қылмыскер фейк-парақша арқылы бұдан көмек сұрапты. «Мен сіздің картаңызға ақша салайын. Дос қызым ауруханада жатыр еді, соған азық-түлік апарып берсеңіз, артық қалған ақшаны өзіңізге ала беріңіз», – деп қиыла өтініш білдіреді.

Сенгіш тұрғын оған жеке куәлігі мен картасындағы мәліметтерді жібере салыпты. Көп өтпей, оның картасына 40 мың теңге ақша түседі. Бірақ, артынша қоңырау шалған әлгі көмек сұраушы: «Ауруханаға бармай-ақ қойыңыз, маған ақшаны қайтара аударып жіберіңіз. Мазалағаным үшін 3 мың теңгесін өзіңізге қалдыра салыңыз», – дейді. Ойында дәнеңе жоқ петропавлдық тұрғын оның айтқанын бұлжытпай орындайды...

Кейін анықталғандай, қаскөй оның құжаттары арқылы шағын қаржы ұйымынан несие рәсімдеген. Сөйтіп, 40 мың теңгенің 37 мыңын әлгіндей алдау жолымен өз қалтасына басып, тайып отырған. Адамнан айла артылған ба...

Қуанышқа қарай, көп ұзамай солтүстікқазақстандық тәртіп сақшылары жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде Уәлиханов ауданының 19 жастағы тұрғынын ұстады. Өзгеге тиесілі қаражатты «көзіңді бақырайтып қойып» жымқырудың қитұрқы жолын іске қосқан «өнертапқыш» осы болып шықты. Қазір оның басқа да қылмыстарға қатысы бары тексерілуде.

Полиция қызметкерлері интернетте ақшамен байланысты кез келген мәселеде бөтен адамдармен келісім жасамау керектігін ескертеді.

«Құпия ақпараттар: банк картасының пин-коды, шот нөмірі, банк картасының сыртқы жағында орналасқан CVV/CVC-коды, ұялы телефоныңызға sms-хабарлама түрінде келген растау кодын бөгде адамдарға бермеңіздер. Хабарламалар сайты арқылы мәміле жасаған кезде алдын ала төлем жасауға келіспеу қажет. Ұсынылған тауарлар мен қызметтердің шынайылығына көз жеткізген дұрыс. Мысалы, бейнешолу жасауды, бейнеқоңырау арқылы сөйлесуді талап ету қажет», – дейді Солтүстік Қазақстан облысы ПД КПБ аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция капитаны Виталий Подчернин.

Егер интернет арқылы жазып, немесе телефон арқылы хабарласып, түрлі ұсыныстар айтып жатқан белгісіз адамның алаяқ екенін сезсеңіз, не істеу керек? Бұған мамандар мынадай кеңес береді: «Ондай кезде алаяқпен ұрсысып-керіспей, байланысты мейлінше соза түсу керек. Мысалы, ол сізден ақша сұрап жатса, «Қазір менде жоқ еді, бір жерден алып келейін, жарты сағаттан кейін қайта хабарласа аласыз ба?» – деп, қарым-қатынасты барынша соза түсу керек. Яғни ол телефондарын өшіріп, мүлдем жасырынып кетпеуі керек. Ондай жағдайда алаяқты табу мүмкіндігі азаяды. Сосын дереу арада құқық қорғау органдарына хабар беру керек», – дейді ІІМ «К» басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Әлібек Оразалы.

Жалпы, өткен жылы солтүстікқазақстандық полицейлер ақпараттық жүйелер арқылы жасалған 56 алаяқтықты ашқанын атап өту қажет.

Ескендір ТАСБОЛАТ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#алаяқ #онлайн