$ 494.87  520.65  4.91

Браконьер еліктің етін мүшелеп жатқан жерінен ұсталды

Олар Желяково ауылы маңында қорықшы байқаған іздің бойымен жүріп отырып, қарда жүргіш техниканы тізгіндеген облыстың екі тұрғынын байқайды. Сондай-ақ, жақын маңда аң аулау жабдықтарын және олжаланған екі сібір елігін анықтайды.

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер заңсыз аң аулаудың 5 дерегін анықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz, облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Браконьер" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында облыстың орман алабына рейдтер күшейтілді. 4 ақпан күні облыстық және аудандық табиғатты қорғау полициясы тобының қызметкерлері мен "Соколов" аңшылық шаруашылығының аға қорықшысы шаруашылық аумағын тексерді. Олар Желяково ауылы маңында қорықшы байқаған іздің бойымен жүріп отырып, қарда жүргіш техниканы тізгіндеген облыстың екі тұрғынын байқайды. Сондай-ақ, жақын маңда аң аулау жабдықтарын және олжаланған екі сібір елігін анықтайды. Аңшылар ағашта асулы тұрған бір елікті сойып бастаған екен", - делінген хабарламада

Осы дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің "Заңсыз аң аулау" бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Қылмыс орнынан екі еліктің еті, есепке қойылмаған Yamaha қарда жүретін көлігі, тіркемесімен және тіркелмеген 12 калибрлі тегіс ұңғылы "ИЖ" мылтығы, аңшы пышағы, сондай-ақ оқ-дәрілер алынды. Қылмыс жасады деген күдікпен Петропавл қаласының 35 жастағы тұрғыны ұсталып, Қызылжар ауданы ПБ уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, полицейлер күдіктінің жанында болған туысының қатыстылығын тексереді. 

Полицейлер 11 қаңтардан заңсыз аң аулау үшін қылмыстық жауапкершіліктің күшейтілгенін еске салады. ҚР ҚК 337-бабының бірінші бөлімі бойынша айыппұл санкциясы 160 айлық есептік көрсеткіштен 3 мың АЕК дейін өсті. 40 тәулікке қамауға алу түріндегі жаза 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасымен алмастырылды.

"Бұл жыл басынан анықталған заңсыз аң аулаудың 5-ші, ал "Браконьер" жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде анықталған 4 факт болып отыр. Ұрғашы еліктің буаз екенін анықтау үшін мүшеленген ет сараптамаға жіберілді. Бұл салынатын айыппұл көлемін анықтайтын факторлардың бірі. Сондай-ақ, 1 қаңтардан қос тұяқтыларды аулауға тыйым салынғанын естеріңізге саламыз, - деді СҚО полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы табиғатты қорғау полициясы тобының аға инспекторы, полиция капитаны Асхат Қожабаев.

6 қаңтарда басталған "Браконьер" жедел-профилактикалық іс-шарасы 5 ақпанда аяқталды. Іс-шара кезінде СҚО полицейлері 267 әкімшілік құқық бұзушылық, оның ішінде аңшылық ережені бұзудың 156 дерегін және балық аулау ережесін бұзудың 53 дерегін анықтады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары