Оралда үш айдан бері жалақыға қолы жетпей ашуланған зағип жандар салаға жауапты шенеуніктің көзін байлап тастады. Олар осылай істеу арқылы өздерінің мүшкіл халіндерін шенеуніктердің түсіншенін қалаған екен. Мүгедектердің жеке көмекшілері болса, былтырдан бері тиесілі жалақыларын толықтай алмағанын айтады. Бұл аздай қаңтар айында да жалақысыз қалыпты. Амалы таусылған зағиптар енді қала әкімінен заңды митинг өткізуге рұқсат беруін сұрады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Astana.tv-ға сілтеме жасап.
Мүгедек жандар Орал әкімімен кездесуге тыңғылықты дайындалған көрінеді. Алдымен бір-бірін жетелеп жүріп, түгендеп алды да, талаптары көрсетілген арызға амалдап қол қойды. Бірақ олардың шенеуніктермен бірден тіл табысуы оңай болмады. Ақыры жұмыспен қамту бөлімі басшысына наразылықтарын көрсету мақсатында оның көзін орамалмен байлап тастады.
Жеке көмекшінің қызметін 400-дей оралдық мүгедек пайдаланады. Көмекшілер - өздерінің жақын туысы немесе жұбайы. Әйтпесе, көзі көрмейтін жанның қасынан күндіз-түні табылып, жетелеп жүру мүмкін емес. Мемлекет сол қызметтің әр сағатын 360 теңгеге бағалап, 3-4 сағатына ғана ақы төлейді екен. Бірақ олар сол ақшаның өзін ала алмай жүрміз деп отыр.
Ашуға булыққан зағип азаматтар жалақы мәселесін шеше алмаған жауапты шенеуніктерді соттап, жалақыны түгел төлеуді талап етуде. Екі сағатқа созылған кездесуде екі тарап ортақ бітімге ақыры келді.
"Ақпан мен наурыздың ішінде бізге осы қаңтардың қарызы төленетін болды. Сағаттарымызды кішкене көбейтеді. Сосын соны қалай болса да, сотқа жеткізбей төлейтін болды", - жеке көмекші Зәуреш Шатикова.
"Атқарылған жұмыстар актісі болады. Сол акті бойынша олар дәлелдеп шығуы керек ол кісіні жетектеп, өздерінің жасап жатқан қызметтерін дәлелдеуі керек. Содан кейін 8 сағатқа дейін төлеу мәселесі тұр. Ол енді әрбір жеке көмекшімен жеке-жеке шешілуі керек. Ол енді жалпылама емес. Әрқайсысын шақырып жеке жұмыстанатын боламыз", - жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ерлан Галеев.
Биылдан бастап, мүгедектерге қызмет көрсету жүйесі өзгертіледі. Яғни, әлеуметтік портал арқылы зағиптар өзіне ұнаған қызмет көрсетушіні өзі таңдайды. Енді мүгедектер ақпан айында рұқсат етілген митинг өткізбек ниетте. Бірақ жергілікті әкімдіктің бұған қалай қарайтыны белгісіз.