12.02.2020, 10:00

Шақалақты мұздатқышқа салып өлтірген деген күдікпен акушер-гинеколог ұсталды

Фото: pixabay.com
Ал Нысанбаев сол түні қаладағы сауналардың бірінен ұсталды.

Атырау облыстық перинаталдық орталықта жаңа туған шарананың өлтірілуіне қатысты іс бойынша үшінші күдікті анықталды. Бұл жолы аталған перзентхананың 53 жастағы акушер-гинекологы ұсталған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, КТК-ға сілтеме жасап.

Оған алдын ала сөз байласу арқылы топтасып, дәрменсіз күйде екенін біле тұра адам өлтіру дерегі бойынша айып тағылды. Яғни, ол өткен жылдың 29-шы қыркүйегінде жаңа туған баланы мұздатқыш камераға салған делінуде. 

Сәби өліміне  қатысты  жауапқа тартылып жатқан бұл үшінші адам. Естеріңізде болса, бұған дейін перинаталдық орталықтың бас дәрігері Қуаныш Нысанбаев пен акушер-гинеколог Асқар Қуаныш жауапқа тартылған еді.

Тергеу материалы бойынша Нысанбаев базаға енгізілген мәліметтерді түзетпеу үшін тірі туған сәбиді тоңазытқыш камераға салуды бұйырған. Бұны бас дәрігердің телефонын басқа бір іс бойынша тыңдап жүрген жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро қызметкерлері ести сала орталыққа жеткенімен, сәбиді құтқарып үлгірмеді. Ал Нысанбаев сол түні қаладағы сауналардың бірінен ұсталды.