Алматыда жоғалып кеткен үш оқушы өлі табылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. Бұл жайлы қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың Facebook әлеуметтік желісінде ақпарат жариялаған.
"Құтқару қызметтері Алатау ауданында жоғалып кеткен оқушыларды іздестіруді аяқтады. Өкінішке орай, біз балалардан айырылып қалдық. Денис Мельников, Вадим Сизов, Сабыр Дүйсеғалиевтің қаза тапқаны туралы қайғыра хабарлаймын", - делінген әкімнің желідегі жазбасында.
Айтпақшы, Сағынтаев марқұм болған балалардың мұзы жұқа су айдынында қаза тапқанын жеткізді. Яғни, оқыс жағдайда көз жұмған.
"Жазым болған оқушылардың отбасылары мен жақындарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Балалар мұзы жұқа су айдынында көз жұмды. Полиция департаменті мен ТЖ қызметтеріне осы оқиғаның себептерін анықтау мақсатында тергеу жөнінде арнайы топ құруға тапсырма бердім. Зардап шеккендердің отбасыларына қолдан келгенше көмек көрсетеміз. Тергеу барысы менің жіті бақылауымда болады", - деді ол.