$ 494.87  520.65  4.91

Артық майын алдырмақ болған келіншек «ажалы үшін ақша төлепті»

Бақилық болған келіншек ота жасатуға 3 млн 100 мың теңге төлеген. Бұлар алдын ала дайындалған. Бақылау камерасынан сол күнгі жазбалар өшірілген.

Төрт баланың анасы пластикалық операция жасатып, артық майдан құтыламын дегенде ажал құшты. 36 жастағы Жәмила Жылқайдарова жеке клиникада көз жұмған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, КТК-ға сілтеме жасап.

Алматылық Жәмила Жылқайдарова әдемі, әрі сымбатты көріну үшін тері астындағы майын алдырмақшы болып, пластикалық отаға ұзақ дайындалған. «Тіпті Мәскеуге барып мамандардан кеңес алды» дейді жақын құрбысы. Өзі де былтыр осы клиникада липосакция жасатып, яғни, денесіндегі артық майын алдыртыпты.

"Жап-жас, сау қыз. Неге мен оны тоқтатпадым? Білмеймін. «Барамын да, келемін, жасаймын, ақшасын төлеймін, әдемі боламын» деген. Бұлай аяқталарын кім білген? Кететінін, келмейтінін", - деді марқұм келіншектің құрбысы Әйгерім Тобылдинова.

Бақилық болған келіншек, ота жасатуға 3 млн 100 мың теңге төлеген. Оның қазасы туралы алғаш болып қайын ағасы естіпті. Клиникаға бірінші болып жеткен Азамат Ауылбековтің болжамынша, келіні Жәмила хирургтар айтқан уақыттан ерте көз жұмған. Ал жақындарына кеш хабарлануын «ізін жасырудың амалы» деп түсінеді марқұмның жақындары.

"Егер келініміз таңғы 7-де көз жұмса, мына жерде жедел жәрдем, полиция болатын еді. Мен клиникаға сағат 11-де келген кезде ешкімді көрмедім. Есесіне, клиниканың адвокаты жүр. Бұлар алдын ала дайындалған. Келініміз жұма күні үйден өз аяғымен кеткен. Оны отадан кейін мейірбикенің қарауында қалдырғаны анық. Бақылау камерасынан сол күнгі жазбалар өшірілген. Пластикалық ота жасай алмайтын орталықты мүлдем жабу керек", - деп отыр келіншектің қайын ағасы Азамат Ауылбеков. 

Қазір адам денесіндегі майды хирургиялық әдіспен алатын дәрігерлер тергеліп жатыр. 

36 жастағы келіншектің артында жолдасы мен төрт баласы қалды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары