Шымкентте трактор мен жеңіл көлік соқтығысып, төрт адам мерт болды. Тағы төрт адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жол-көлік оқиғасы Шымкенттің шыға берісіндегі Ақтас ауылының тұсында болған. Ауди жеңіл көлігі жоғары жылдамдықта келе жатып, трактордың тіркемесіне кіріп кеткен. Оқиға орнында жеңіл көліктің үш жолаушысы көз жұмды. Олардың бірі 9 жастағы жасөспірім екені белгілі болды. Ал, жарақаты өте ауыр болған көлік жүргізушісі аурухана төсегінде жан тәсілім еткен. Сондай-ақ, тракторда болған екі адам мен Аудидің екі жолаушысы қазір ауруханада жатыр. Жол апатынан ауыр жарақаттанған бір әйел ес-түссіз жансақтау бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалауда.
«Ауруханаға жеткізілген 29 жастағы қыз балаға: жамбас сүйегінің сынуы, жабық бас ми жарақаты, бас миының шайқалуы, кеудесінің жарақаттануы диагнозы қойылған. Оның да жағдайы ауыр. Тағы бір науқас - 45 жастағы ер адам. Оның келіп түскендегі жағдайы орташа ауырлықта. Жамбасы сынған, жарақат бөліміне жатқызылды. Үшінші науқас 26 жастағы жігіт, бізге түскендегі жағдайы ауыр болған. Мұрын сүйегінің сынуы, бас миының жабық жарақаты, бас миының шайқалуы диагнозы қойылған. Қазіргі таңда жағдайы орташа ауырлықта. Төртінші науқас - 40 жас шамасындағы ер кісі. Оның жағдайы канағаттанарлық. Алғашқы көмек көрсетілген соң, амбулаториялық ем қабылдауға жіберілді»,- дейді Шымкент қалалық клиникалық аурухананың бөлім меңгерушісі Өткіржан Молдахан.
Қазір төрт адам қаза тапқан жол-көлік оқиғасының себеп-салдары анықталуда. Полиция департаментінің анықтаушылары тарапынан тергеу амалдары жүргізіліп, бірқатар сараптамалар тағайындалған. Алдын ала болжам бойынша жеңіл көліктің жүргізушісі такси қызметін көрсетіп келген көрінеді.