$ 494.87  520.65  4.91

Мешітте ұрлық жасаған күдікті ұсталды

Тәртіп сақшылары күдіктінің бұған дейін де өзгенің мүлкін ұрлағаны үшін бірнеше мәрте қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын анықтады.

Алматы облысында мешітте ұрлық жасаған күдікті ұсталды, деп жазады ҚазАқпарат.  

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Іле ауданының Полиция басқармасына «Жәпек батыр» ауылының тұрғыны хабарласып, Чапаево елді мекеніндегі мешітте оның қалтасынан ірі көлемде қаржының қолды болғанын жеткізген.

«Жедел-іздестіру шаралары барысында осы қылмысқа қатысы бар күдікті анықталды. Ол 35 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Қылмысын мойындаған күдіктінің хабарлауынша, ол таксиде келе жатқан кезде тап мешіттің жанында көлік бұзылған. Жүргізушіге көлігін жөндеуге көмектескен ол жанындағы мешітке қол жуу үшін кірген. Сол жерде ілініп тұрған сырт киімді көріп, қалтасып тексерген. Қалтадағы 40 мың теңгені алып, жартысын әйеліне берген, қалғанын өз керегіне жұмсаған», — деп толықтырды Іле ауданы Полиция басқармасының анықтаушысы полиция капитаны Мақсат Нұрсейітов.

Тәртіп сақшылары күдіктінің бұған дейін де өзгенің мүлкін ұрлағаны үшін бірнеше мәрте қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын анықтады.

«Қылмысты ашуға оқиға орнында түсірілген бейнежазбалар көмектеседі. Сондықтан, жеке қауіпсіздік үшін азаматтарға қоғамдық орындарда, сондай-ақ жеке үйлерде бейнебақылау камераларын орнатуға кеңес береміз. Сонымен қатар, жеке заттарыңызға мұқият болуға және оларды қараусыз қалдырмауға шақырамыз»,- деп атап өтті Мақсат Нұрсейітов.

Қазіргі уақытта ұсталған азамат қамауға алынды. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары