22.04.2020, 12:40

Павлодарда жүргізушіден темекіге ақша сұраған полицей жұмыссыз қалды

Оның аға басшысы, және взводтың басқа да басшылары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Павлодарда блокбекетте жүргізушіден темекі сұраған полицей қызметінен босатылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Бұл туралы облыстық полиция департаментінің басшысы Нұрлан Мәсімов брифинг барысында айтты.

"Менің бұйрығыммен блокбекетте жүргізушіден темекіге ақша сұраған Жедел әрекет ету арнайы жасағының қызметкері ішкі істер органдарындағы қызметінен босатылды. Погоны шешілді, куәлігі алынды. Оның аға басшысы және взводтың басқа да басшылары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды", - деді Мәсімов.

Тағы оқи отырыңыз: Шідертідегі бекетте полицей жүргізушіден темекі алатын ақша сұраған

Еске салайық, осыған дейін Желіде Павлодарда блокбекетте жүргізушіден темекіге ақша сұраған полицейдің видеосы тараған еді. Видео кадрларынан полиция қызметкерінің Германиядан Семейге келе жатқан жүк көлігі жүргізушісінен темекіге ақша қалдырып кетуін сұрағаны көрінеді.