19 сәуір күні түнгі сағат 00:30 шамасында Алматы облыстық балалар ауруханасына өгей әкесі ұрған 8 жастағы бала түскен болатын. БАҚ хабарлауынша, сол сәтте 1987 жылғы азаматтың үстінен қылмыстық іс те қозғалған, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Аурухана директоры Марат Досқалиев баланың жағдайы ауыр болғандықтан, жасанды тыныс алу аппаратына қосылып, жансақтау бөліміне жатқызылғанын айтты.
Алматы облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарламасында аталған факті бойынша ҚР ҚК 106-бабының 1-тармағына («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқаны атап көрсетілген. Ал кеше тілшілерге сәбиді азаматтық некедегі күйеуінің қалай ұрып-соққанын баланың анасы Нина Шелипова айтып берді. Тіпті, ол қатыгез көңілдесі жалғыз ұлын өлімші етіп сабап жатқанда үйінде болған.
«Сол уақытта күйеуімнен қорықтым. Балам екеумізді бірдей өлтіреді деп ойладым. Ол ішімдік ішіп алған. Біз оның айтқанының бәрін істедік. «Ваннаны жу» деді, жудық. Бірақ, соған қарамастан, ұлымды ұрып-соқты. Көзіне тұз септі», - дейді Нина Шелипова.
Сонымен, бала 3 күннен кейін ғана есін жиып жатыр. Миына қан құйылған. Кеуде қуысы, іш қуысы, өкпе, ішектерге зақым келген. «Сүйектері аман, сынбаған», - дейді бас дәрігер Марат Досқалиев.
Баланың анасының айтуынша, көршілері алдымен полиция шақырған. Содан кейін ғана өзі жедел-жәрдемге хабарласқан. Енді қорғансыз баланы аяусыз ұрып-соққан жігіт 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан шектелуі немесе осы мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.