БҚО ТЖД бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашевтің мәлімдеуінше, өрт 30 сәуір күні Зачаган кентіндегі «Яик-1» бау-бақша серіктестігі ауданында сағат 15.00-де басталған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, aikyn.kz-ке сілтеме жасап.
Алдымен 7 гектардай жердің құрғақ шөбі жанып, ол орман өртіне ұласқан. Сөйтіп, 2 гектардай жерді қамтыған. «Тілсіз жауды» ауыздықтауға 64 қызметкер, 15 техника жұмылдырылыпты. Сондай-ақ, Зачаган мен Круглоозерный кенттерінен алдағы уақытта өрттің алдын алу үшін жер жыртатын техникалар тартылып отыр.
Зардап шеккендер жоқ. Өрт сөндірушілердің жедел қимылдауы нәтижесінде, елді мекендерге қауіп төнген жоқ.
Сол маңда тұратын тұрғындар мен саяжай иелерінің сөзіне қарағанда, қаладан келген адамдар алау жаққан. Содан кейін оны бақыламай, кетіп қалған. Күшті жел өрттің өрши түсуіне себеп болған.
«Күннің жылынуына байланысты, табиғи өрт қаупі молая түседі. Сондықтан облыс тұрғындарын өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз. Рұқсат алмай, тұрмыстық қалдықтар мен құрғақ шөпті жағу деректері анықталған жағдайда кінәлілерге әкімшілік шара қолданылады», - деді Жасұлан Жұмашев.