Толассыз жауған нөсер Шымкент пен Түркістан облысына қарасты бірнеше ауылдардың астаң-кестеңін шығарды. Әсіресе Шымкентке қарасты Елтай ауылы мен Төлеби ауданындағы жағдай қиын – ондаған үйді су шайды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, КТК арнасына сілтеме жасап.
Бүлінген қора-қопсы да көп. Кешеден бері тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп, ал сел басқан ауылдарда мамандар жұмыс істеп жатыр.
"Құдай, сақтай гөр! Анау дуалдың бәрі құлапты, Кәмила! Мынаны қара! 27-ші сеунд. Құдай, өзің сақтай гөр, ашуыңды бас, Алла! Анау жақта үйлердің құлап жатқанын қара, Кәмила", - дейді Төле би ауданының тұрғыны.
Кеше түстен кейін басталған нөсер жауыннан таулы аймақтағы өзендердің деңгейі бірден көтерілген. Арықтар мен атыздар, сай-сала лезде суға толған. Толассыз жауған жаңбырдың сұрапыл болғаны сондай, алғашқы 40 минут ішінде бір айлық мөлшердің жауыны түсті. Табиғаттың тосын құбылысынан жүздеген үйге су кіріп, аудандағы бірнеше көпірді шайып кеткен. Мал шығыны да бар. Құлап жатқан ғимараттар көбейді.
Төле бидегі су кірген алты ауылдың тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілді. Бес жыл бұрын ғана Шымкент қаласы аумағына өткен Елтай ауылына келген залал да орасан. Ойпатта орналасқан елді мекеннің сыртында жеті бірдей сай бар. Сол сайларға жиылған су дем арасында тасқын боп ауылға кірген. Шошып қалған ел үдере қашып, аман қалғанына «шүкір» деп отыр.
"Моншаның артының бәрі қирады. Шатыры кетті. Мына жақта төбесінің астындағысының бәрі кетті. Есік алдына тас толып, топалаңы шықты", - дейді Елтай ауылының тұрғыны Байдулла Жайлауов.
Қазір Елтайда тек еркектер ғана қалған. Бала-шаға қауіпсіз жердегі туған-туысқа жайғасты. Ауыр көліктермен жеткізіліп жатқан әскерилер қайла-күрек ұстап, баспаналарға су келмейтіндей етіп тас құммен бөгет жасауда. Ал өзенге айналған көшелерге тартылған мамандар мен ауыр техника су арнасын бұрудың амалын жасап жатыр.
Санаулы сағат жауған жауын Елтай ауылының астаң-кестеңін шығарды. Жергілікті қариялардың сөзінше, мұндай топалаң бұл ауылда 53 жыл бұрын, яғни 1967 жылы болған. Ол кезде де екі күн нөсер жаңбырдан ауылдың біраз бөлігі қирапты. Енді сол қайталанбас үшін арнайы техника жоғарыдан келген суды ауыл ішінен қашыратын арық қазып жатыр. Және жеделдетіп бітіруі тиіс. Әйтпесе, алдағы апта аса жауынды болады деп күтілуде.
Құтқарушылар үйлерге кірген суды сорғылармен шығарып әуре. Шайылып кетуге аз қалған ауыл жұрты: «Келтірілген шығынның көлемін ойлауға қорқамыз» - дейді.
"Мына үйлерді қарасаңыздар, бәрін су шайып кетті. Бір метрден жоғары болды. Біреудің үйі, біреудің сарайы қирап жатыр. Оны әркім өз-өзіне істеп алады деп айта алмаймын. Үкімет тарапынан көмек болсын деп отырмыз енді", - деді Елтай ауылының тұрғыны Досжан Бақытұлы.
Нөсер жауыннан Түркістан облысының таулы аймақтары саналатын Қазығұрт пен Бәйдібек аудандары да зардап шекті. Облыста 500-ден астам үйдің ауласына су кіргені айтылды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев зардап шеккен аумақтың қалпына келтіруін әр ауданның мойнына бөліп салмақ.
"Әр аудан өзінің секторына материалын әкеп, бригада әкеліп, ауладағы, жаңағы өткен шығындарды өтеуге тырысады. Сіздер көмектесулеріңіз керек. Анау үйлер құлап жатса, бірен-саран, оларды да жөндейтін боламыз", - деді аймақ басшысы.
Тағы оқи отырыңыз: «Көл болып жатыр, көл!»: жауын-шашын Шымкенттегі көпқабатты үйдің де сапасыздығын көрсетті (ВИДЕО)
Сел мен тасқыннан бүлінген баспаналар мен нысандарға келген шығын енді есептелетін болады. Жарамсыз үйлер мен нысандарды қайта қалпына келтіру қаншаға созылатынын айту қиын. Сондықтан сел мен тасқыннан қауіпсіз жерге қашып күйлезіліске түскен ел үйіне қашан оралары белгісіз.