21.05.2020, 20:25

Елорданың 34 жастағы тұрғыны отқа оранған үйдің адамдарын құтқарды

Ол әйелі мен балаларын терезеден сыртқа шығаруға тырысып жатқан отағасына көмектесті.

Елордада отқа оранған үйдің тұрғындары құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«21 мамыр күні сағат 06:23-те Саржайлау көшесіндегі өрт туралы хабарлама келіп түсті. Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД-нің өрт сөндірушілері келген кезде, жалпы ауданы 110 шаршы метр мансард түріндегі жеке үйдің шатыры мен үйдің кіреберісі жанып жатқаны белгілі болды. Қызыл жалын ауыздықталды. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Қазір өрттің себебі анықталуда», - делінген Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінде.

Белгілі болғандай, үйде екі кішкентай баласы бар отбасы тұрады. Өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін отағасы бала-шағасын есік арқылы шығаруға тырысқан. Бірақ, жалын кіреберісті шарпығандықтан, есікке жақындауға мүмкіндік болмады.

Осыдан кейін ол балаларды терезе арқылы түсіруге талпынған. Осы уақытта көшеде кетіп бара жатқан ер адам отқа орынған үйді байқап, көмек қолын созды. Ол әйелі мен балаларын терезеден сыртқа шығаруға тырысып жатқан отағасына көмектесті.

«Отбасы мүшелерін құтқаруға көмектескен 34 жастағы Қанат Байболов есімді азамат болып шықты. Қанат қауіп туралы ойламай, кішкентай балаларды құтқаруға көмек көрсетті. Барлық отбасы мүшелері аман-есен құтқарылды», - делінген департамент хабарламасында.