Карантинде қаңғып қалған елордалық саудагерлер бас көтерді. Олардан базар әкімшілігі сауда орнын жалдау ақысы мен басқа да шығындарды төлеуді талап еткен, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Төтенше жағдай кезінде саудасы тұралаған жалға алушылар енді не істерін білмей әлек. «Қалтамызда көк тиынымыз жоқ» - дейді.
Алты күн бұрын ғана дүкеніне оралған саудагерлердің бұлай жиналуына себеп бар. «Солтүстік» сауда үйінің басшылығы әрқайсысына шот ұсынып, жалға алу құны мен коммуналдық қызмет ақысын төлеуге мәжбүрлеген. Ал алыпсатарлардың екі ай бойы үйінде қамалып нәпақа таппағаны белгілі.
"Маған қойған бағасы – 136 мың теңге. Оны төлеуім керек, одан кейін 210 мың теңге – жалға алу ақым бар. Сонда 15 күннің ішінде жыртылсам да ондай ақшаны таппаймын. Барлығымыз да күнкөрістің қамымен отырған адамдармыз. Біз төлер едік, егер де бізге онлайн сатуға рұқсат беріп, күнделікті келіп алып тұрсақ", - деді саудагер Гуля Мұхаметқалиқызы.
Коронавирустың кесірінен сауда жасай алмағаны былай тұрсын, бүгінде саудагерлерге дүкеніне кіруге рұқсат жоқ. Өйткені мөр басылған қағаз жапсырылған. Мұнымен қоса, оларға карантин кезінде топтасып жиналғаны үшін бас-басына 5 мың теңге айыппұл салыныпты.
"Ашылғалы сегіз жылдан асты, осы жердемін. Бәрінен бұрын айыппұл ашуымды тудырды. Сол үшін мөр жапсырды. Таңнан бері келіп тұрмыз, ашпай жатыр. Ал біз ерегесіп төлемейміз. Біз не, малмыз ба?", - деді ашулы саудагерлер.
Ал сауда орнының әкімшілігі түсірілім тобы келгенін біліп, жауаптан қашты. Тіпті қарсылық білдіріп, түсірмеуді бұйырды. Бірақ, у-шуды естіп, сол мезетте жеткен Сарыарқа ауданы әкімдігінің өкілдері келгенде, жалға беруші кәсіпкерлер өзгеріп қоя берді. Айтқаны, шотта көрсетілген сома – жалға алу емес, тек карантинде дүкендерді күзеткендер мен коммуналдық төлемнің ақысы. Саудагерлер соны бөлісіп төлеуі тиіс.
"Сауда үйінің басшылығы осы екі айда шығынға батып отыр. Сол себепті, базар әкімшілігі шығындарды сіздермен, жалға алушылармен өзара бөліскен. Егер сіздер бұнымен келіспесеңіздер, жазбаша түрде шағым жазып немесе жеке-жеке жалға берушімен сөйлесу қажет еді", - дейді Сарыарқа ауданы әкімдігінің өкілі Әнуар Зейнуллин.
Дауға араласқан «Атамекен» палатасының өкілі екі оттың ортасында қалды. Себебі, кәсіпкерлердің құқын қорғаумен айналысатын мекеме екі жақты, яғни, жалға берушіні де, алушыны да жақтауға мүдделі. Десе де, бизнес ірі болған сайын, оның сөзі де қашанғыдай өтімдірек.
"Сауда орны – кәсіпкерлік нысаны болып есептеледі. Ал оны жалға алып отырғандар да жеке кәсіпкерлер. Сондықтан да біз бұл жағдайды ретке келтіріп, екі жаққа да кесірін тигізбейтіндей шешім қабылдауымыз керек", - «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілі Серік Мужиков.
Үш айға жалға алу ақысынан босату туралы ел билігінің жасаған мәлімдемесі кәсіпкерлерге сенім ұялатыпты. Алайда бұл ақпараттың негізі мәні мынада: егер қандай да бір бизнес әкімдікке қараса немесе квазимемлекеттік секторда орналасқан болса, жеңілдік жасалуы мүмкін. Ал бүгінгідей жағдайда мемлекет жеке кәсіпкерге «ананы сүйт», «мынаны бүйт» дей алмайды. Сондықтан шу көтерген саудагерлер не базар басшылығының айтқанына көну керек, не сотқа жүгінуі тиіс.
ktk.kz сайтының материалдарын пайдалану Материалды мәтіннің бірінші немесе екінші сөйлемінде негізгі мәтін ретінде бір шрифтпен орналастырылуы тиіс материалға тікелей гиперсілтеме болған кезде рұқсат етіледі.