Маңғыстау облысында сұйытылған газды бір сыйымдылықтан екіншісіне айдау барысында жарылыс болып, 2 адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«26 маусым күні жергілікті уақытпен сағат 20.40-та Мұнайлы ауданы, Баянды ауылына жақын маңдағы «Матайбаев» жеке кәсіпкерлігінің базасында көлемі 40 текше метр стационарлық сыйымдылықтан сұйытылған газды автоцистернаға айдау барысында ауа-газ қоспасының жарылысы болды.
Өрт тұтанған жоқ. Салдарынан, оқиға орнында 46 жастағы ер адам және 33 жастағы ер адам – Өзбекстан азаматы мерт болды», - деді Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов.
Оқиға орнына облыстық Төтенше жағдайлар департаменті жеке құрамының 13 адамы мен 2 техникасы, Полиция департаментінің 20 қызметкері мен 4 техникасы шықты.