Жаппай төбелес болған Түркістан облысының Шорнақ ауылында қазір жағдай тұрақталды. Бұл туралы «Хабар 24» арнасы хабарлайды.
Жергілікті полиция департаментінің мәліметі бойынша ауыл тұрғындары арасында тұрмыстық жанжал туындаған. Салдарынан төрт адам жапа шекті. Оның үшеуі ауыл тұрғыны болса, тағы біреуі тәртіп сақшысы. Учаскелік инспектор тәртіп бұзғандарды тыныштандырмақ болған кезде бұзақылар оған тас атқан. Сонда да ол алған жарақатына қарамастан төбелесті тоқтатты. Ал зардап шеккендердің барлығына медициналық көмек көрсетілді.
"Бұл оқиғаға қатысы бар деген 4 азамат ұсталды. Оның екеуі соттың шешімімен қамауға алынды. Әлеуметтік желілерде осы жағдайға байланысты түрлі ақпарат тарап кеткендігін айтқым келеді. Олар шындыққа жанаспайды", - деді Түркістан облыстық ПД бастығы Қайрат Дәлбеков.
Ал Шорнақ ауылының тұрғыны Тұрғамбай Сенбеков болса: "Кеше балалардың түсінбеушілігімен осындай болған нәрсе бұл. Бұл енді біреуді өлтіріп жатқан ештеңесі жоқ. Халық тыныш. Ол енді сырттан келгендер неғылмаса, бұл ауылымыз бір-біріне жаңағы қонақ болып. Әйтпесе Қызыл әскерге барып жүрген бір-біріне ондай не қылмайды, Құдай қаласа", - деді.
Жанжалдың одан әрі ушығып кетпеуі үшін ауылға кіреберістегі жолдарға арнайы блокпосттар қойылды. Мұнымен қоса құқық қорғау органдарының өкілдері көшелерді патрульдеуде.