$ 449.58  486.94  4.86

БҚО-да заңсыз балық аулаған браконьерлер полицейлерді соққыға жықты

Төбелес кезінде 2 сақшы мен аумақтық инспекцияның 3 қызметкері жараланды. Қақтығысты басуға ауылға арнайы жасақ келген.
фото: polisia.kz
фото: polisia.kz

Батыс Қазақстан облысында полицейлер мен орман шаруашылығы инспекторларын браконерлер соққыға жыққан. Оны облыстық полиция департаменті растады, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

Қазір қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталған. Келеңсіздік тамыздың 21-інде Ақжайық ауданындағы Шабдаржап ауылында болған. Сақшылар Жайық өзенінде заңсыз балық аулаған 20 ауыл тұрғынын ұстаған. Олардан ауланған балықтарды, 6 ау мен 4 қайықты тәркілепті. Бірақ, олжасын бергісі келмеген браконерлер қарсылық көрсеткен. Тіпті, ауылдан қосымша адамдар жинап, жанжал шағарған.

Төбелес кезінде 2 сақшы мен аумақтық инспекцияның 3 қызметкері жараланды. Қақтығысты басуға ауылға арнайы жасақ келген. Қазір тәртіп сақшыларын соққыға жыққандардың біреуі қамауда. Оның оған дейін адам тонағаны үшін істі болғаны анықталыпты. Егер кінәсі дәлелденсе, 3 жылға сотталуы мүмкін.

«Аталған факті бойынша ҚР ҚК 335-бабының 1-бөліміне сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Билік өкiлiне күш қолданғаны үшін 380-баптың 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Заттай дәлелдемелер толық алынды. Қазіргі уақытта тиісті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Ұсталған адамдардың басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде», - деді БҚО ПД баспасөз хатшысы Болатбек Белгібеков.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары