Семей қаласында бөгде біреудің пәтерін 14 миллион теңгеге сатқан алаяқ ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қалалық полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, таяуда полиция бөлімшесіне хабарласқан ер адам Раушан есімді танысының Шәкәрім даңғылындағы 4 бөлмелі пәтерді сататындығын айтып, 14 000 000 теңгесін алғанын айтқан.
«Пәтерді сатып алдым деп ойлаған азамат сонда көшіп барды. Алайда бірнеше күннен кейін үй иелері келіп қалған. Олар пәтердің сатылмағандығын айтып, үйді босатуын талап етті», - делінген ведомство мәліметінде.
Жедел іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері күдіктіні қолға түсірді. Бұрын сотталған 32 жастағы қала тұрғыны ақшаны жұмсап үлгерген. Ол өз кінәсін мойындап отыр.
Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.