Танымал блогер Ринат Кибраев тәртіп сақшыларының "заңсыз" әрекеті жөнінде мәлімдеді. Ол Түркістан тұрғынымен бірге полицияға барған сәтін видеоға түсіріп, оны "LIFE KZ" YouTube-арнасында жариялады. Өңірдің полиция департаменті аталған жазбаға пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Блогер өзіне Денис Тен есімді Түркістан тұрғыны жүгінгенін айтты. Ер адам құқық қорғау органдары өкілдерінің заңға қайшы әрекетіне шағымданған. Кадрларға қарағанда, Ринат Кибраев өз командасымен және арызданушымен бірге полицияға барған. Сол жердегі учаскелік инспектормен болған әңгімелерін видеоға жазып алған.
Тәртіп сақшысы азаматтарға қызметтік куәлігін ұсынуға келіскен, алайда, құжатты камераға көрсетуден бас тартқан. Сондай-ақ ол бөлме ішінде бейнетүсірілім жүргізуге тыйым салынғанын жеткізген.
"Үш рет үйіме баса-көктеп кірмек болды. Таңғы 8-де екі рет келіп, көршілердің барлығын тұрғызды. Мен арыз жаздым, бірақ әзірге ешқандай нәтиже жоқ", – дейді түркістандық.
Блогер учаскелік полицейден аталған оқиғаны түсіндіріп беруін сұрады. Аталған бейнероликке Түркістан облысының полиция департаменті өзінің YouTube-арнасында пікір білдірді.
Онда көрсетілгендей, 23 тамыз күні Түркістан полиция басқармасына жеке кәсіпкерден арыз түскен. Ол өзі жалға алып отырған үй-жайдың терезесіне белгісіз біреудің бірнеше арматура бөлшектерін лақтырып, ізін жасырғаны туралы шағымданған.
Айтуынша, терезелер шағылып, 80 мың теңгеге зақым келтірілген. Кәсіпкердің арызы тіркеліп, "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтауда.
Ескерте кетейік, Руслан Жанпейісов атымен танылған блогердің жазасын қайда өтеп жатқаны белгілі болды. Бұған дейін оның сот үкімімен 1 жылға бас бостандығынан айырылғанын хабарлағанбыз.