02.10.2020, 20:16

Атырауда ер адам көршісінің итін жауыздықпен өлтірген (ФОТО)

Фото: instagram.com/help_animals_atyrau
Итті балалардың көзінше айырмен шаншып тастаған.

Атырау тұрғыны көршісі итін айырмен шаншып, айуандықпен өлтіргенін айтқан. Қала тұрғыны Анатолий Ерачиннің «Ақ Жайық» басылымына хабарлауынша, оқиға алдында ит өз ауласындағы үйшігінде шынжырланып тұрған. Бұл жағдай 29 қыркүйекте Дулатов көшесінің бойында (Маслопром маңында) болған.

«Бұл оқиға 28 қыркүйекте басталды. Сол күні әйелім екеуміз үйге жақын жерде садақада болдық. Көрші әйел қоңырау шалып, итімнің 4 жасар баласын қауып алғанын айтып, айқай салды. Мен дереу үйге келіп, итті тексеріп қарадым, содан кейін бақылау камерасы бар басқа көршімнен жазбаны қарап шығуды өтіндім. Жазбадан баланың біздің аулаға, тіпті, жақындамағанын көрдім», - дейді Анатолий.

Анатолий баланы көршінің иті қауып алған шығар, өйткені сол иттің құлағынан, құйрығынан тартып, үстіне мініп, ойнап жүретін еді деп жорамалдайды.

«Мұны бұрын басқа көршілер де, 12-13 жастағы балаларым да көрген еді. Олардың екі иті бар, бірі қабаған овчарка. Бәлкім, баланы қауып алған сол ит шығар», - дейді Анатолий.

Осы дерек туралы полицияға көршілерінен шағым түскен. Келесі күні таңертең оған учаскелік полиция инспекторы келіп, түсініктеме алып, ескерту жасап кетіпті.

«Осы кезде көрші әйел шығып, мені де, итімді де «жоқ қыламын» деп айқайға басты. Содан кейін учаскелік инспектор кетіп қалды. Ал жарты сағаттан кейін көршінің күйеуі келіп итімді өлтіремін деп, қоқан-лоққы жасай бастады. Екеуміз керісіп қалдық, сосын ол үйіне кетіп қалды. Бірер минуттан кейін қайтадан аулама жүгіріп келіп, итімді балалардың көзінше айырмен шаншып тастады. Мұндайды күтпеген едім, бәрі көзді ашып-жұмғанша болды. Сосын полицияға шағымдандым», - дейді Анатолий.

Полиция департаментіндегілер осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабы (жануарларға қатыгездiк жасау) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Сотқа дейін тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Тегтер: өлтіру жануар