Қытайда танымал блогер Ламу қайтыс болды. Алдын ала мәліметке сәйкес, бұрынғы күйеуі тікелей эфир кезінде әйелге бензин шашып, өртеп жіберген, деп хабарлайды Sputniknews.kz BBC арнасына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға Қытайдың Сычуань провинциясында болды. 30 жастағы Ламудың денесін 90 процент күйік шалды. Beijing Youth Daily мемлекеттік басылымы таратқан мәліметке сәйкес, 14 қыркүйекте танымал блогер тікелей эфирге шыққан. Бірақ трансляция басталғанда экран бірден қарайып кеткен.
Алдын ала ақпарат бойынша оның үйіне бұрынғы күйеуі баса көктеп кірген. Қолында пышақ пен бензин болды. Осыдан кейін Ламу алдымен жергілікті ауруханаға жеткізілді. Артынан Сычуань провинциясының ауруханасына ауыстырылды. Себебі денесінің көп бөлігін күйік шалды.
Осы оқиғадан кейін Ламудың туыстары әлеуметтік желі арқылы қаржылай көмек сұрады. Сонда бір тәуліктің ішінде бір миллион юаньнан астам (63 миллион теңгеден артық) ақша жиналды. Бірақ 30 қыркүйекте Ламу алған жарақатынан қайтыс болды.
Ламу қытайлық TikTok нұсқасында кеңінен танымал болған. Оған мыңдаған адам жазылып, видеоларын қызығып көретін. Көбінесе, ауылдың өмірін көрсетіп, ол жерде тұрған қаншалықты жақсы екенін айтып жүрді. Видео түсіргенде макияж да қолданбады. Сол үшін миллиондаған лайк жинаған.
Күйеуімен не үшін ажырасты
Қытайдың жергілікті басылымдары Ламудың тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болғанын жазды. Күйеуінің фамилиясы – Танг. Екеуі мамыр айында ажырасқан. Екі баласы бар. Ламу мен Танг бір баладан алып, ажырасып кеткен.
Алайда, көп ұзамай, Танг бұрынғы әйелін қорқыта бастады. Тіпті, қайтып қосылмаса, баласын өлтіруге дейін баратынын айтқан. Ламу қосылуға келісті. Бірақ шыдай алмай, одан қашып кетті. Танг келіншегін іздеймін деп, туыстарына да қысым көрсетті. Ламудың әпкесін соққыға жықты. Олар полицияға шағып түсірген. Бірақ құқық қорғаушылар шара қолданбады.
Ақыр соңында Ламу тағы да ажырасып, екі баласын да өзімен бірге алып кеткен. 14 қыркүйекте Танг ұсталып, қамауға алынды.