Өткен 2 аптада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сотқа дейінгі 97 тергеуді тіркеді. 7 лауазымды тұлға ұсталып, 4 тұлғаға қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы қолданылды және 244 072 млн теңге залал өтелді. Бұл туралы онлайн брифингте Агенттіктің 1-ші департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Данияр Бигайдаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бір топ адамның алдын ала сөз байласу арқылы пара алу күдігімен облыс ауданы әкімінің орынбасары мен «Сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде», - дейді Агенттіктің 1-ші департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Данияр Бигайдаров.
Оның айтуынша, шенеуніктер 2 жер телімі бойынша жер пайдалану құқығын беру туралы оң шешім шығарғаны үшін кәсіпкерлік субъектісінен 800 мың теңге сомасында пара алу күдігіне ілінді.
«Ағымдағы жылдың 15 қазанында күдіктілер ұсталып, Көкшетау қ. ПБ уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұлтартпау шарасын таңдау туралы мәселе шешілуде. Тергеу жалғасуда», - дейді ол.