Павлодарда Малайсары батыр көшесіндегі үйдің подъезінде ер адам қызға шабуыл жасап, қолындағы пакеттерін беруін талап еткен деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бейнебақылау камерасына түсірілген кадрларда подъезге кірген бойжеткеннің артынан ер адамның ілескені көрінеді. Ол бейтаныс аруды әңгімеге тартып, қалтасынан пышақ алып шыққан.
Осылайша қаскөй пакеттерін тартып алып, сыртқа шықпақ болған. Қыз оның артынан еріп, кадрларға қарағанда, сөмкесін қайтарып беруін сұраған.
Ер адам келісіп, затын берген соң қашып кеткен. Өңірлік полиция департаментінің хабарлауынша, жәбірленуші бірден полицияға жүгінген. Тәртіп сақшылары күдіктіні іздеп, ол 20 минуттан соң табылған.
Анықталғандай, 35 жастағы ер адам тартып алған пакетте азық-түлік болған. Күдікті оны пайдаланып үлгермепті.
Полицияның мәліметінше, шабуыл жасаған ер адам бұған дейін осыған ұқсас қылмыстары үшін сотты болған. Ал аталған қылмыс жасалған кезде ол мас болыпты.