Атырауда спортшының өліміне қатысты тергеу баяу жүріп жатыр. Грэпплин күресінен әлем чемпионы Есенбек Сиғуатовтың әкесі осылай деді. Оның пайымынша бұған - күдіктілердің полицияда қызмет атқарғаны себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ, төбелесті ұйымдастырған адам бостандықта жүргенін айттып отыр, деп хабарлайды Астана арнасы.
Қанды атыс осы маңда (видеода көрсетілген жер) болған. Жағадан атылған оқтың алғашқысы мына бағаналардың біріне тиіпті. Екіншісі мүлт кеткен. Ал үшінші оқ Есенбектің жүрегіне тиіп, сол жерде жан тапсырды.
Бұл қылмыс 3 ай бұрын болған. Кеудесі арманға толы 18 жастағы спортшы Есенбек Сиғуатов - грэпплингтен әлем чемпионы. Одан бөлек қоян-қолтық ұрыс және джиу-джитсумен айналысқан. Ұлттық құрамаға кіруге дайындалып жүрген ұлынан бір түнде айырылған ата-анасы әлі ес жия алар емес. Баласының бөлмесін айналшықтап, көз жасын тия алмай жүр.
"Тергеу жұмыстары өте баяу және дұрыс орнымен жасалып жатқан жоқ. Себебі қылмысты ұйымдастырған азаматтар бірінші бастап қамалу керек. Олар белгісіз себептермен қамалмай жатыр әлі күнге дейін. Қылмысты ұйымдастырған қылмыскерлер жазасын тарту керек. Түрмеде отыру керек деп есептеймін", - деді марқұмның әкесі Тоқсанбай Оразғали.
Сол қаралы түн әкесінің әлі есінде. Туған күнге кеткен ұлының денесін таңғы сағат 4-тер шамасында достары әкелген. Олардың айтуынша, ауылдастарын соққыға жыққандарға, себебін білуге барған. Сол кезде қарсыластары сөзге келместен оларға оқ жаудырыпты. Күдікті ретінде полиция қызметкері қамалған.
"Күдікті біреуі қаруды жасырған. Екіншісі мылтықты атқан. Екеуі де водный полицияда жұмыс жасағандар. Қару жасырған действующий сотрудник болып кетіп бара жатыр. "Атты" деген күдікті 2-3 күн бұрын шығып кетті деп бывший болып бара жатыр", - деді марқұмның әкесі Тоқсанбай Оразғали.
Полиция департаменті болса, Қылмыстық Кодекстің 99-бабы, яғни «Адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеудің жүріп жатқанын айтты. Басқа сауалдарымызға тергеу құпиялылығын желеу етіп жауап бермеді.
"Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру жалғасып жатыр. Тағайындалған күрделі сараптамалар қорытындысы күтілуде. Іс бойынша тиісті сараптама қорытындысына сай шешім қабылданады", - деді Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнәзира Мұхтарова.
Ал әлем чемпионының әкесі, "нағыз қылмыскерді қамап, жазаламайынша әділдік іздеуді тоқтатпаймын" деп отыр. Ол енді Ішкі істер Министрлігіне шағым жазбақ.