$ 445.66  474.58  4.78

«Дулаттың ұлына үш жерден пышақ сұққан» - Ағаділдің туысы

Жанболат Ағаділдің жерлеуі 13 қарашаға жоспарланған.
фото: youtube.com/watch?v=sijF4TjfvTA
фото: youtube.com/watch?v=sijF4TjfvTA

11 қарашаға қараған түні Нұр-Сұлтанда төбелес кезінде қаза болған Жанболат Ағаділдің үш жеріне - шынтақ тұсы, 4-5 қабырғасының арасы және жүрегіне пышақ тиген. Бұл туралы Азаттыққа 11 қарашада күндіз мәйітханаға барып қайтқан ағасы Таңат Ағаділ айтты. Оның сөзінше, Жанболат Ағаділдің денесінен басқа соққы іздері байқалмаған.

Туыстарының айтуынша, 10 қарашада түнде жергілікті жастар Көктал мен Талапкер ауылы болып бөлініп, төбелескен. Сейсенбі күні Жанболатты достары кешкі сағат 9 шамасында үйде шәй ішіп отырған жерінен алып кеткен. "Қайда барасың?" деген кезде "қазір, бір жерге барып келейін" деп жауап берген. Түні бойы Жанболаттың жоғына алаңдаған туыстары таңертең қайғылы ақпаратты естіген.

"Қайғыдан қан жұтқан Жанболаттың шешесінің халі ауыр" дейді туыстары.

Төбелеске нақты не түрткі болғаны белгісіз. Осыған дейін әлеуметтік желіде полицияның ішкі құжаттарына ұқсас хабарлама тараған едіі. Онда "төбелестің қыз үшін болғаны" айтылады. Бұған қоса, Жанболат Ағаділдің жанында болған бірнеше жігіттің полицияға жеткізілгені, қарсы тарапта 7-8 адам болғаны да жазылған. Азаттық тілшісі Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментіне хабарласқанмен баспасөз қызметі бұл ақпаратты таратпағанын айтты.

Осыған дейін төбелес кезінде Жанболат Ағаділмен қатар тағы бір адамның жарақаттанғаны хабарланған еді. Бірақ бұл ақпарат ресми расталмады.

Тағы оқи отырыңыз: Елордада Дулат Ағаділдің ұлын өлтіріп кетті

Полиция департаменті Жанболат Ағаділдің өліміне байланысты түсініктеме берді
 

Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 99-бап 2-бөлігі ("Адам өлтіру") және 293-бап 3-бөлігі ("Бұзақылық") бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Жанболат Ағаділдің жерлеуі 13 қарашаға жоспарланған.

17 жастағы Жанболат Ағаділ биыл 24 ақпанда әкесі, азаматтық белсенді Дулат Ағаділді полиция түнде үйінен ұстап алып бара жатқанда араша түскен еді. Сол жолы курткасы жыртылған бозбала кейін әкесінің өлімінің әділ тергелуін талап етуімен де көзге түскен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары