Көкшетауда өртенген жеке тұрғын үйден 63 жастағы ер адамның мәйіті табылды. Ол әйелін көмек шақыруға жіберіп, өзі өртті сөндірмекші болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақмола облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, өрт 10 желтоқсанда сағат 03:41-де Сабатаев көшесінің бойындағы тұрғын үйде орын алған. Өрт аумағы 48 шаршы метрді құрады. Тілсіз жауды ауыздықтау кезінде 63 жастағы ер адамның денесі табылды. «Өрт үйдің кіреберісінен шыққан. Үй иелері ыстың иісінен оянған. Ер адам терезені бұзып әйелін сыртқа шығарады. Оны көмек шақыруға жіберіп, өзі өртті сөндірмекші болған. Өрт сөндірушілер келгенде ер адамның жансыз денесі үйдің ішінде жатты», - дейді Көкшетау қалалық ТЖБ бастығы Әсет Жақсылықов. Ведомстводан атап өткендей, өрт сағат 05:05-те ауыздықталды. Өрттің шығу себептері анықталуда.