Қазан айында БАҚ өкілдері елордалық тұрғын Сымбат Құлжағарова туралы жарыса жазды. Үнемі соққының астына алатын күйеуінен заңды түрде ажырасып, тыныштық тапқысы келген Сымбат ата-енесі күштеп тартып алып, көрсетпей қойған 2 баласына құзырлы органдардың араласуымен әрең қол жеткізді. Психикалық ауруханаға күштеп жатқызған жолдасымен күресіп, өзінің 100 пайыз дені сау екенін дәлелдеді. Жұмысқа орналасып, балаларын өсіріп жеткізгісі келді. Алайда, бүгін Сымбаттың балконнан секіріп, қаза тапқаны хабарланды, деп жазады Аzattyq-ruhy.kz.
Кейінірек Сымбаттың өлімі туралы ақпаратты Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті өкілдері де растады.
«10 желтоқсанда сағат 02.50-де полицияға әйелдің денесі табылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Тұрғын үйдің қабаттарын аралау кезінде, 11-ші техникалық қабатта, парапетте ізі табылды. Бұл секірген жері. «Алматы» аудандық полиция басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады, сараптамалар тағайындалды және барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», - деп хабарлайды елордалық ПД баспасөз қызметі.
Azattyq Rýhy тілшісі осы қайғылы оқиғаның мән-жайын білу үшін әлеуметтік желіде Сымбаттың қазасы туралы хабарды көпшілікке жеткізген «Жас Конгресс» қайырымдылық бағытының жетекшісі Перизат Қайратпен тілдесті.
«Қалай айтарымды да білмеймін. Сымбат түнде қайтыс болды. Балконнан секіріп кетіпті. Сене алар емеспін. Оны осы өлімге жеткізді», - дейді Перизат.
Перизатқа қаралы хабарлы Сымбаттың туған сіңлісі Гүлбану естірткен.
«Мен Сымбатпен кеше кешке ғана сөйлестім. Көңіл күйі жақсы еді, сұлулық салонына барып келді, ертесіне кездесуіміз керек болатын. Ол елордаға 2-3 күн бұрын Ақтау қаласынан келді. Күйеуінің берген шағымы бойынша наркологиялық және психикалық тексеруден өтуі тиіс. Жақында ғана тексеруден өтті, 100 пайыз дені сау деген құжаты бар. Жалпы, көпшіліктің айтуынша, күйеуі өте бай отбасынан шыққан. Ол бәрін ақшамен шешетін. Сымбат ажырасуға өтініш берді, одан кейін ұрып-соққаны үшін арызданды. Бірақ Сымбаттың сотқа берген шағымдары қаралмай, кейінге қалдырыла берді. Ал, күйеуінің жазған шағымы тез қаралып отырды», - деген Перизат бұл істе әділетсіздік болғанын айтты.
Перизаттың айтуынша, Сымбатқа жолдасы үнемі хабарласып, мазасын алып отырған. Тіпті, марқұм қайғылы оқиға болар күннің алдында жолдасының үнемі қорқытатынын айтып шағымданған. Бұл туралы Сымбаттың әлеуметтік желіде қалдырған жазбалары да бар.