Алматы облысының Заречный кентіндегі ЛА-155/12 түрмесінде 33 жастағы тұтқын Берік Рахматуллаевтың асылып тұрған денесі табылды. 16 желтоқсанға қараған түні құқық қорғаушы Елена Семенова Facebook-тағы парақшасында осылай деп хабарлады.
Оның сөзіне қарағанда тұтқын 15 желтоқсанда түсте тәртіптік изоляторға қамалған, сол күні изолятордан денесі табылған.
"Тәртіптік изоляторда не болғаны белгісіз, бірақ қалған тұтқындар оның айқайлағанын естіген, содан кейін тұтқын дарға асылған" деп жазды Семенова.
Құқық қорғаушының айтуынша, "сотталушылар оның денесін көрсетуді талап еткен".
"Түрме қызметкерлері ешқандай мәйіт жоғын айтқан. Бірақ соған қарамастан сотталушылар талап етіп, бүлік шығарып, ыдыс-аяқтарды сындырып, тамақтан бас тартқан. Оның соңы жаппай наразылыққа айналып кете ме деп қорыққан мекеме басшылығынан режим жөніндегі орынбасар келіп Берік Р.-дың дарға асылғанын айтып, смартфонынан тұтқынның денесін көрсеткен" деп жазды Семенова.
Оның айтуынша, оқиғағның жай-жапсары белгісіз.
Азаттық тілшісі ЛА-155/12 мекемесінен жауап ала алмады. Ал Алматы облысының қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Рахматуллаевтың қаза болғанын растады. Олар тұтқынның "өзіне қол жұмсағанын" айтты. Департамент өкілдері ЛА-155/12 түрмесінде бүлік болды деген ақпаратты жоққа шығарды.
Дереккөз: Азаттық