Батыс Қазақстан облысында екі тұрғын үй өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, бірінші оқиға 20 наурыз күні Теректі ауданы Барбастау ауылында болды. Сағат 18.27-де Б.Момышұлы көшесі 2-мекенжайында тұрғын үйдің жанып жатқаны белгілі болды.
Аумағы 90 шаршы метрді қамтыған өрт сағат 20.14-те оқшауланып, 21.21-де толықтай сөндірілді. Сондай-ақ бүгін сағат 10.24-те Орал қаласында Қ.Жұмағалиев көшесі 11-мекенжайында жеке үйдің отқа оранғаны жөнінде хабар түскен.
Тұрғын үйдің шатыры мен төбе жабындары жанды. Аумағы – 70 шаршы метр.
Оқиға орнында жеке құрамнан 17 адам 4 техникамен жұмыс істеді. «Тілсіз жау» сағат 11.27-де ауыздықталды. Екі оқиғадан да зардап шеккендер жоқ.
БҚО ТЖ департаменті өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау керектігін тұрғындар есіне салады.