Жамбыл облысында жүк пойызынан секіріп кеткен балалардың бірі алған жарақатынан көз жұмды.
«29 тамыз күні сағат 22.40-та Жамбыл облысының тұрғынынан Көлік полициясына хабарлама келіп түсті. Ер адам Тамды-Талас бағытында келе жатқан жүк пойызының вагондарында кәмелетке толмаған екі баланы байқағанын айтты», - деп хабарлады Көліктегі полиция департаментінен.
Тексеру кезінде кәмелетке толмағандардың Қаратау қаласында анасымен бірге тұратыны анықталды.
«29 тамыз күні олар Тамдыда тұратын әжесіне қонаққа барған. Ересектердің қарауынсыз қалған балалар көрші ауылда тұратын әкесіне барғысы келіп,Тамды стансасында жүк пойызының соңғы вагонына мінген. Алайда жүк пойызы жылдамдығын арттыра бастағанда олар қорқып, Жұма станциясының маңында вагоннан секірген. Балалардың ата-анасы ажырасқан», - деп көрсетті полициядан.
40 минутқа созылған іздеу шараларынан кейін 9 жасар бала Билекөл ауылының маңында, ал оның 7 жасар бауыры Жұма стансасы маңындағы теміржолдың жанынан табылды. Балалар Талас ауданының орталық ауруханасына жатқызылды.
7 жастағы бала қайтыс болды, ағасы аурухананың хирургия бөлімінде жатыр.
Azattyq Ruhy