$ 494.87  520.65  4.91

Instagram-дағы жарнамаға алданған павлодарлық 19 млн теңгесінен айырылды

Ол белгісіз тұлғалар ақпараттық жүйелер арқылы оның 19 млн 475 мың теңге сомасында ақшасын иемденгенін жеткізген.

Табысын оңай жолмен арттырмақ болған павлодарлық 19 млн теңгесін алаяқтарға беріп қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бірнеше күн бұрын Павлодар қаласының полициясына ер адам жүгінген. Ол белгісіз тұлғалар ақпараттық жүйелер арқылы оның 19 млн 475 мың теңге сомасында ақшасын иемденгенін жеткізген. Ол Instagram-да криптовалютадан ақша тапқысы келетін адамдар оқуға қабылданатыны туралы хабарландыру көрген. Қаржы академиясы деп аталған аккаунттың хабарландыруына жауап беріп, өзінің байланыс деректерін қалдырған.

«Кейін белгісіздер оған Telegram арқылы шыққан. Оператор оқуға уақыт жұмсамай-ақ, үлкен табыс әкелетін бағдарламаға қатысуды ұсынған. Ол үшін «Binance»-те электронды әмиян ашып, сол жерде шотты толтыру қажет болатынын айтқан. Ер адам кеңестерге құлақ асып, 5500 долларды бірден салады, содан кейін оператор қыздың кеңестеріне сүйене отырып, бұл ақшаны «Metamask» бағдарламасына аударған. Кейін оның шотын кураторлар ұлғайтып 38 939 долларға жеткізген.

Алайда оператор қыздың айтуынша, барлық депозитті алу үшін ер адам «өтімділікке қосымша төлем» тастауы керек болған, оның құны да 5500 долларды құраған. Пайдаланушы бұл талапты мойынсұнушылықпен орындады. Оператор бұл әрекетті шот ашылғанға дейін және көбейген қаражатты шешіп алуға қол жетімді болғанша қайталау қажет деп сендірген. Павлодарлық бұл операцияны 6 рет бірдей сомаға жасайды. Осыдан кейін ғана куратор ақша жеткілікті екенін және жақын арада оған 78 000 доллар аударылатынын айтқан. Бірақ, оның күткенімен ер адамға армандаған ақша түспеді.

Біраз уақыттан кейін оған басқа елдің белгісіз нөмірінен қайта қоңырау шалып, тағы 2500 доллар салық төлеу керектігі айтылған. Қалаған мақсатқа жетуге тырысып, өскен сомасын ала қоймақшы болған азамат «салықты» да төлеп жібереді. Алайда, оның шотқа салған барлық ақшасы бірден жойылады», - делінген полиция мәліметінде.

Осыдан кейін ғана Павлодар тұрғыны алаяқтардың құрған тұзағына ілінгенін түсініп, полицияға көмек сұрап барған.

«Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары қаскөйлердің жеке басын және орналасқан жерін анықтау шараларын қабылдап жатыр. ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Айта кетейік, биыл Павлодар облысында 1511 алаяқтық фактісі тіркелген, оның ішінде ақпараттық технологияларды пайдаланумен жасалғаны – 1057», - делінген хабарламада.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары