$ 444.22  476.38  4.82

«Құрылтайшы құдай болғысы келеді...»

Жер көлемі жағынан алғашқы ондыққа кіретін, экономикалық әлеуеті жағынан алғашқы елулікті місе тұтпай, отыздыққа кіруді ойластырып жүрген Қазақ елінде бүгінде басқа-басқа, әсіресе, сөз шаруашылығы ерекше қарқынмен даму үстінде. Келмеске кеткір Кеңес өкіметінің кезінде бюджет бекіткенде сөзге ең соңынан көңіл бөлінуші еді ғой. Халық шаруашылығының түрлі саласынан қалған тиын-тебендердің басын құрастырып, өңкей сөлкебайды газет-журнал редакцияларына тауыққа бидай шашқандай етіп, шашып жіберетін. Қазір басқа салалар, кішкене әсірелеп айтсақ, сөзден артылған ақшаны алады.

Елде сөзден басқа жұмыс қалмай бара жатқаннан кейін бе, оған бұрынғы қай кездегіден де көбірек көңіл бөлінетін болды. Бұл жақсы ма, жаман ба, мұның жауабын беру Уақыт дейтін құдіреттің еншісінде. Біздің білетініміз, бұрын әркім өз шаруасымен айналысатын. Қазір шенеунік біткеннің көпшілігі өзін ең бірінші кезекте редактор сезінетін, редактор санайтын болған. Әсіресе идеология саласында жүрген шенеуніктер. Олардан басқа салада жүргендер де қалысып жатқан жоқ. Ең бастысы, кім болса да газетке құрылтайшылық етсе жетіп жатыр. Бас редактордың үстінен қарайтын бас редактор сол болып шыға келеді. «Мен бұл салада бір күн де істемегенмін, жұмысын білмеймін ғой» демейді, редакторға «ертеңгі шығатын нөміріңді әкел» деп келте бұйырады. Ал, бүгінгі редакторда «газетті баспаханадан шыққаннан кейін оқисыз, сыныңыз болса сол кезде айтасыз, қол қойған газетімнен қате тапсаңыз жаза қолданарсыз!» дей алатын мінез жоқ. Редакторда мінез болмағаннан кейін газетте мінез бола ма?! Оқырмандардың көпшілігінің қазақ тіліндегі газеттерге көңілі толмай жатса оның негізгі себебі осы Мінез деген мәселеге келіп тіреледі.

Жә, бірді айтып, бірге кетіп жатырмыз, әңгіме құрылтайшылар жөнінде еді ғой. Дегенмен, бәрі бір-біріне қатысты дүние.

Осы уақытқа дейін талай құрылтайшымен жұмыс істедік, соның бір де біреуі редактордың пікірін сыйлау деген мәселеге бас ауыртпақ түгілі, оның не нәрсе екенін білуге талпынып та көрген емес. Алайда, тым бір жақты кетіп, қылдан таюға да болмайды, газеттің жұмысын түсінетіндер болды. Бұл сөзіміздің мамандығы журналист Дарқан Мыңбайға түк те қатысы жоқ, әңгіме мамандықтары журналист емес құрылтайшылар жөнінде. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде бүгінде Қазақ Ұлттық Педагогика университетінде ректор болып отырған Серік Пірәлиев пен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бақадыр Нарымбетовтің есімдерін құрметпен еске аламыз. Ал, басқалар жөнінде...

Шымкентте «Корпорация» деп аталатын жап-жақсы газет шығып тұрды. Жабылардың алдында бас редакторлыққа бізді шақырған. Құрылтайшысы — «Оңтүстік» ӘКК-і еді. Жұмысты бастағанымызға бір апта өткенде тікелей бастығымыз, дәлірегі ӘКК басшысының орынбасары, мамандығы әлде экономист, әлде инженер жас жігіт талқылауға жатпайтын тапсырмасын берді. «Газетті баспаханаға жіберуден бұрын маған әкелесіз. Мен түгел оқып шығып, қолымды қойғаннан кейін ғана бастырасыз!» дейді әлі үйленген-үйленбегенінің өзі белгісіз жас бастығым. «Оу, Сіз газетке өзіңіз қол қоятын болсаңыз ақ тер-көк тер болып несіне бас редактор іздедіңіздер? Бұл жұмысты өзіңіз-ақ атқара бермедіңіз бе?» дейміз біз. «Жоқ, Сіздер маған бәрін дайын қылып әкеліп берулеріңіз керексіздер!»

Құрылтайшының сөзі осы болды. Алдымен түсінісуге тырыстық. Мұндайдың жақсы практика еместігіне көзін жеткізбек болдық. Өкінішке қарай, онымыздан түк шықпады. Сосын «бұл кісінің де айтқанын істеп көрейік, бәлкім бір нәрсе үйреніп қалармыз» деп 16 бетті түгел апарып беріп жүрдік. Газеттің шығу процесін кешіктіргеннен басқа бір түйір пайдасы болмады. Ақыры алдына тағы баруға тура келді. Біз қырық дейміз, ол сорок дейді, бір-бірімізге ешнәрсе түсіндіре алмадық. Соңғы сөз бізден шықты. «Газетке менің орныма басқа бас редактор алғаннан кейін қол қоясыз. Бас редактор деген жерде менің фамилиям тұр ма, мен қол қоямын. Себебі, ертеңгі бүкіл алғыс пен қарғыс редакторға бағышталады. Сіз ойыңызға келген бір нәрсені істеп тастайсыз, бас редактор болып менің аты-жөнім тұрады. Демек, ұяты маған келеді. Сіздің инженерлік жұмысыңызға мен араласып жатқан жоқпын ғой, үлкен өтініш болсын, менің жұмысыма Сіз де араласпаңыз. Қателік жіберсем жазаларсыз».

Құрылтайшылар кейінірек расында да бізді жазалады. Қалай дейсіз бе? Газетті жауып тастады. «Қаржы жоқ» деген сылтаумен. «Қаржыны өзіміз-ақ табайық» дегенді де айттық. Себебі әлгі газеттің таралымы 20 мыңның төңірегінде еді. Соған, яғни оқырмандарға сендік. Еншімізді алып шықсақ та өлмеспіз дестік. Құрылтайшылар көнбеді. Бүкіл құжат солардың қолында еді. Ақыры жауып тынды.

Кейін біліп жатырмыз, мемлекеттен ай сайын 300 мың теңгеге жақын жалақы алып отырған, туды-бітті асфальтта өскен әлгі жас шенеуніктің ол мекемеде мұрны қанап айналысатындай жұмысы да жоқ екен ғой. Сосын газетке қол қоюды ермек етпегенде не істейді?! Біз оны ең үлкен алданышынан айырыппыз ғой. Ол кезде мұны қайдан білейік?! Балалығы да, осының бәрін жасырмай айтқанда ғой, тіл табысып-ақ жұмыс істесер ме едік...

Сенсеңіз де, сенбесеңіз де өзіңіз білерсіз, бүгінде көптеген жерлерде бас редакторлар құрылтайшы қарап шықпай газетке қол қоя алмайтын болған. «Қол қоймасам несіне бас редактор болып отырмын?» деп бастарын ауыртпайды да. Әйтеуір бас редактордың креслосында отырса болғаны. Құрылтайшы да «мен мұны білмеймін ғой, қалай болады, өзі?» деп қымсынбайды. Иісі мұрнына бармаса да оның негізгі жұмысы газет қарау болып қалды. Шіркін-ай, елде оны есінен тандырып жіберетіндей жұмыстар көп болса газетке редакторлық етіп отыруға мұршасы да келмей кетер еді-ау. Сол жұмысы түскір болмай тұр ғой...

Р.S. Бұл өзі баспасөз қызметкерлері күні қарсаңында жазылған дүние еді. Пәнейі себептермен жатып қалыпты. Алайда, бүгінгі журналистиканың проблемасы тек мереке қарсаңында ғана көтерілсін деп кім айтыпты?! Ортаға салар ойыңыз болса айта отырарсыз.

Абай БАЛАЖАН,

«SKIFNEWS.KZ».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары