$ 494.87  520.65  4.91

«Ол – кәсіби біліксіздік салдары»: Күрішбаев Ольгинка ауылындағы Cібір жарасына қатысты пікір білдірді

«Мүмкін осындай төтенше жағдайдан кейін Үкімет мал дәрігері төңірегіндегі мәселелерді кадрдан бастап шешу керектігін түсінген болар?», – дейді ҚазАТУ ректоры.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Аграрлық университеттің басшысы Ақылбек Күрішбаев Ақмола облысының Аршалы ауданына қарасты Ольгинка ауылында анықталған аса қауіпті Cібір жарасына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бүгін редакциямызға университеттің баспасөз қызметі жіберген хабарламаға сүйенсек, Күрішбаев: «Ол Ольгинка ауылында шыққан ауру – мал дәрігерінің кәсіби біліксіздігі салдарынан туындаған», – деп отыр.

«Медицина адамды, ал мал дәрігері адамзатты емдейді. Турасын айтқанда, мал дәрігерінің кәсіби біліктілігіне біздің азаматтарымыздың өмірі тікелей тәуелді екендігі осы жолы тағы бір мәрте белгілі болды. Осы орайда, еліміздің ЖОО-ларында мал дәрігері мамандары қаншалықты сапалы даярлануда? Мемлекет бұл салаға қандай жағдай жасап отыр? Бұл – өте маңызды сұрақ. Өйткені, ветеринарияның медицинадан да күрделі екені даусыз.

Мысалы, бір ғана мал дәрігерін оқытуға мемлекеттік білім беру гранты үшін қазынадан небары 349 мың теңге бөлінеді. Ал медицина дәрігерін даярлап шығу үшін қазынадан миллионға жуық сома жұмсалып отыр. Айырмашылығы – жер мен көктей.

Енді агроном немесе инженер маманын оқыту үшін Үкімет 635 мың теңге немесе 1,8 есе көбірек қаражат жұмсауда. Жылдар бойы біз құзырлы министрліктерге мұндай жағдайда маман даярлау мүмкін емес екендігін айтумен келеміз.

Мүмкін осындай төтенше жағдайдан кейін Үкімет мал дәрігері төңірегіндегі мәселелерді кадрдан бастап шешу керектігін түсінген болар?», – дейді ҚазАТУ ректоры.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары