$ 494.87  520.65  4.91

Құмар ойынға құмартқан отандық жұлдыздар кімдер?

Оның ішінде халық назарында жүрген шоу-бизнес өкілдері де аз емес.
Коллаж: stan.kz
Коллаж: stan.kz

Ойынға деген әуестік кез келгенді құрықтайды. Ақшасын, уақытын, дүниесін одан қалды абыройын да бәске тігіп, нәпсіге ерік беріп, барынан айырылғандар жетерлік. Оның ішінде халық назарында жүрген шоу-бизнес өкілдері де аз емес. Құмар ойынға беріліп тіпті қолындағысынан айырылған жұлдыздар кімдер? 

"Ойынханаға баруға асығып тұрасың”
Құмар ойынның қызығына батып, қасіретін тартқандардың бірі "Нұрлан мен Мұрат" тобындағы Нұрлан Әмір. Ойынханаға барғыштап, құмар ойынды әдетке айналдырған кезін еске алған әнші басынан өткенімен бөлісті. "Бір құмарланғаннан кейін сені ештеңе қызықтырмайды. Үй шаруасы, ата-анаң, әйелің де назарыңнан тыс қалады. Ойынханаға баруға асығып тұрасың”, – дейді әншінің өзі. Өнер жұлдызы құмар ойынның жолында Алматыдағы 105 мың доллар тұратын екі бөлмелі пәтері мен 50 мың доллардың автокөлігін тәрк еткен. Әншінің тура жолдан тайып, ащы суға салынуына да құмар ойын себеп болған. "Досты жоғалтасың, қызғаныш сезімі өршиді, адамдарды жек көре бастайсың. Ортаны керек етпей қоясың", – дейді Нұрлан Әмір. 

"200 мың доллар қарыз болдым"
Құмар ойынның құрығына түскен тағы бір өнер жұлдызы "Жігіттердегі" Бағлан Әбдрайымов. Әнші ойынханаға бас аяғы 200 мың доллар қарыз болып қалғанын ашық айтады. "Ұтамын" деген үмітке алданып, берешекке белшесінен батқан Бағланның бағына бай болу жазылмапты. Ойынханада тәуліктеп отырамын деп әнші көптің сенімінен де айырылғанын жасырмайды. Сол бір қателігі өзегін өртегені сонша, өнер ие "Ақ пен қара" атты кітап шығарып, құмар ойынға берілген кезі мен басынан өткенін баяндап, көпшілікке ұсынды. Онымен қоймай, тәуекелге бел байлап, тағы да қарызданып, қауғаланып "Зеро" атты құмар ойын жайлы фильм түсіргені кепшілікке белгілі. Кеш те болсын қателігін мойындап, аталмыш кино халыққа төнер қауіптің алдын алу мақсатында түсірілген еді. 

"2 мың доллар қосып қайтарамын"
Қайрат Нұртастың да құмар ойынға әуестігі жоқ емес көрінеді. Бұл туралы Болат Назарбаевтың бұрынғы тоқалы Динара Әлжан өзінің сұхбатында айтқан болатын. Келіншек ойынханада ұтылып отырған жерінде Қайрат Нұртасқа астындағы темір тұлпарын беріп кетіпті-мыс. "Ұтылып қалғанын көріп отырмын, мен машинамды бердім. Ертең түсте машинаңды қайтарамын, үстіне 2 мың доллар қосып қайтарып беремін деді", - деп болған жағдайды жайып салды. Хитмен уәдесінде тұрып, көлікті иесіне қайтарып бергенімен, Динара Әлжан 2 мың долларды алудан бас тартқан.

"Өз қалтамнан ақша шығармаймын"
"Қызыл өрікті" айтып, хит болған Ақылбек Жеменей де ойынханаға ара-тұра бас сұққанынын жасармады. Алайда әнші өз ақшасын емес, жанындағы қалталы достарының есебінен ойнаған. "Казиноға өз қалтамнан ақша шығармаймын. Мықты достарымның шашбауын көтеріп жүремін", - дейді өнер иесі.

“30 миллионға дейін ұтылыппын”

Құмар ойын атышулы блогер Айжан Байзақованың інісі Әлихан Байзақовты да қызықтырмай қоймапты. Жас жігіттің айтуынша, лоторея, жеңіл ақшамен жасөспірім кезінен әуестенген. “Испания, Чехия, Малайзия, Швейцария сияқты елдердің барлық ойынханаларында болып көрдім. Осы уақытқа дейін 30 миллионға дейін ұтылыппын. Отбасымды, сүйіктімді алдап келдім. Ешкімге тіс жарып айтпадым. Құмар ойынға салынып 5 жыл жүріппін. Ақыры Айжан мені тәуелділіктен емдейтін орталыққа бір айға қамап тастады. Бүкіл әлем маған қарсы шыққандай сезімде болдым. Бірақ кейін мұнығ есірткіден де, ішімдіктен де жаман ауру екенін түсіндім”, – дейді Әлихан Байзақов.

"Ол - кәсіби ойыншы"
Танымал продюсер Баян Алагөзованың экс-күйеуі Бақытбек Есентаев та ойынханада шу шығарып, басы дауға қалған болатын. Осыдан сегіз жыл бұрын ер адамның ойын барысында казино қызметкерін соққыға жыққан сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалып, әлеуметтік желіге тарап кеткен. Араға уақыт салып, продюсер де күйеуінің құмар ойынға әуес болғанын мойындады. Баянның Динара Сәтжанға берген сұхбатында, Бақытбек Есентаев сол кездері бірнеше пәтер мен автокөлікті бәске тігіп, ұтылып қалғанын да жасырмай айтты. "Ол - кәсіби ойыншы. Отбасылық өмірімнің бұл шындығын қабылдағым келмеді. Осы уақытқа дейін көз жасым көл болды. Қанша пәтер мен автокөлік кетті... Айтқым да келмейді", - деген 2016 жылы берген сұхбатында.

Ерке Есмахан құмар ойынға өзі құнықпаса да, өзгелерді оңай ақша табуға шақырған бір кездері. Онлайн ойын мен лотореяға жарнама жасау жұлдыздар үшін табыс көзі болса, жеңіл ақшаға ұмтылатын жастар мен амалы таусылған жанжар үшін бұл таптырмас мүмкіндік болып көрінуі мүмкін. Айналасын адастырып жүргенінен бейхабар өнер жұлдыздары бұл жауапкершілікті сезінбейтін де сияқты.

Осы тұста құмар ойынға әуес адамдардың психологиясы жайлы психолог маманнан пікір алдық. Психологтың айтуынша, құмар ойынға тәуелді болатын адамдар екі типке бөлінеді.

“Мұнда адамдардың екі түрі қарастырылады. Бірі досынан, жарнамадан көріп, әуестікпен, қызығушылықпен бастайды. Бұл бастапқы деңгей және көп жағдайда аталмыш деңгей аса қауіпті емес. Мұндай адамдар құмар ойынға еріккеннен, өмірлік мақсаты болмағандықтан барып жатады. Екінші категория қажеттіліктен баратын адамдар жайлы. Олар қаржылық мәселесін шешу үшін сондай тәуекелге барады. Мойнында қарыздары болса, сондан тез арада құтылаудың жолын іздеп, аз ақша салып, көп ақша жеңіп алуды көздейді”, – дейді психолог Ержан Мырзабеков.

“Мұндай тәуелділікті түбегейлі емдеуге бола ма әлде ара-тұра ойынханаға бас сұғу әдеті қалып қоя ма?” деген сауалымызға психолог маман: “Түбегейлі емдеуге болады. Ол  адамның қаоауына, ерік-жігеріне байланысты. Тәуелділікке қандай себептер әкеліп соққанын анықтап алып, оларды жою қажет. “Дәрменсіз дауа болмайды” дейді. Әрбір аурудың емі, мәселенің шешімі табылады. Адамды тәуелді дүниелерден шектеп, клиникалық емдеуге болады. Сондай-ақ өмірден мағына таппай жүрген, жауапкершілігі төмен, ерік-жігері әлсіз адамдармен жұмыс істеп, психологиялық ем түрін қолданса болады”, – деп жауап берді.

Ержан Мырзабеков адамдарды ойынға деген тәуелділіктен қорғаудың жолдарымен бөлісті.

“Онлайн ойын, казино дегендерді жарнамалауға тыйым салу керек. Психикасы қалыптаспаған жасөспірімдер телефонды ашса да, теледидар қараса да, футболға барса да “мен мұндалап” тұрған жарнамаларға көзі түскен сайын оны көруге, қайталауға бейім болады. Казино ойнаудың жолдарын кедергіге толтырып, қиындату керек. Мысалы, Қонаев қаласындағы ойынхалараға бару үшін адамдар алыс шақырымды еңсеру қажет. Ол жаққа құмар ойынсыз өмір сүре алмайтындар барады. Ойынханаға адамдардың 90%-ы жәй ғана жолдан өтіп бара жатып кіріп көреді. Арнайылап баратындар санаулы. Бәс тігіп ойнайтын ойындарды да қиындату керек. Ол да кәсіп, түсінемін. Бірақ жасар болсаң қаланың шетіне 1-2 ғимаратын салып аш. Осындай шектеулер қойған сайын адамдардың әуестігі басылады”, – дейді ол.

“Құмар ойынға әуестік тұқым қуалай ма?” деген сұраққа маман: “Жоқ, мен ондай деректерді кездестірген емеспін”, – деп қысқа әрі нақты жауап берді.

Дереккөз: stan.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары