$ 494.87  520.65  4.91

«Егер Мақпал Заманбекке тимесе, қазір жағдайы жақсы болар еді...» – Қалдыбек Құрманәлі

Мақпал өзі тиген жоқ, Заманбек оны алды.
Фото: nege.kz
Фото: nege.kz

Белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қалдыбек ҚҰРМАНӘЛІ – бетің бар, жүзің бар демей, бұлтақтамай тура сөйлейтін адам. Ол осы мінезі арқылы талайға жақпауы да мүмкін. Бірақ ұлт, қоғам, өнердегі түйткілдерді басқалардан артық айтпаса, кем қозғамайды.

«Жаңа Қазақстан» деген ұғымды қабылдай алмаймын»

– Қалдыбек аға, қазір қаланың у-шуынан жырақта, сонау оңтүстіктің қоңыр ауылында тұрып жатыр екенсіз. Елде қандай мәселе жаныңызға батады?

– Қазір Түркістан облысына қарасты Тасқұдық ауылында тұрамын. Мұнда мәдениет үйі жоқ. Қазақстанда кезінде «100 мектеп, 100 аурухана» деген бағдарлама болды ғой. Оның қаншалықты жүзеге асқанын білмеймін, бірақ салынып, пайдалануға беріліп жатты. Оған 100 болмаса да, 50 мәдениет үйі немесе ауыл клубтарын қосу керек еді. Бұрын ауылдағы кітапхананың көбін мектеп кітапханасына қосып жіберген еді. Бұлай болмайтынын мәселе етіп көтергем.

Өңірлердегі мәдениет сарайларының тозығы жеткен. Оның сыртын ғана сылап, әдемілеп қою қажет емес, керек-жарағын түгендеп, дыбыс күшейткішін дұрыстап, жарықпен қамтамасыз ету жағын ретке келтірсін. Әншіге кез келген уақытта жанды дауыста ән айтатындай мүмкіндік жасау қажет. Мәдениет және спорт министрлігі де, депутаттар да осы түйткілге қатысты мемлекеттік бағдарлама қабылдауға атсалысса деймін. 

Ауданда, ауылда мәдени қызметкерлердің айлығы төмен. Бізде көбінесе мұғалімдер мен дәрігерлердің айлығы ғана көтеріледі. Қазір өзім де қол қусырып отырған жоқпын. Әлеуметтік желіде мемлекеттік кеңесшінің, депутаттардың парақшасына хат жазып жатырмын. Оның үстіне Мәжіліске өнерге қатысы бар адамдар барды ғой. 

– Парламентке өнер адамдарының барғанына іштей қуанышты сияқтысыз. Алайда, «Заң шығарушы органға экономикадан, құқық саласынан хабары бар мамандар керек» деген пікірді жиі естідік. Өзіңіз сайлауға барып, дауыс бердіңіз бе?

– Олай біржақты айтуға болмайды. Мәжілісте тек қана заңгерлер, экономистер болсын деген дұрыс емес.

Кеңес одағы кезінде де ақын-жазушылар, әншілер, сауыншылар депутат болды. Бұл жерде мәселе депутат мандатына ие болған адамның  талапшылдығына, біліміне байланысты.
Сан саланың тетігін білетін мамандар да керек қой. Өз басым жеке мандат бойынша дауысымды журналист Ермұрат БАПИҒА, партиядан «Аманатқа» бердім.

– Сіздіңше мәжіліс сайлауы әділетті өтті ме?

– Бәрін әлеуметтік желі арқылы біліп отырдық. Парламентке өтпей қалғандар өкпесін айтып жатыр. Егер билік менің қолымда болса, билікке сын айтып жүрген біраз адамды мәжіліс пен мәслихатқа өткізетін едім.

Қазақ ұғымында «депутат болсам ғана мәселе шеше аламын» деген ой қалыптасқан. Бұл дұрыс емес. Қоғамда алатын орның бар беделді азамат болсаң, мәселені әлеуметтік желі арқылы-ақ көтере бермейсің бе? Қазақстанда біреудің адамы болмасаң қызметте өсе алмайсың. Басқалай өту мүмкін емес. Әйтеуір біреуге арқа сүйейсің. Солай өткендер де бар. Сондықтан депутат болмай-ақ ұлттық мүддеге, елге, халыққа қызмет етуге болады.

«Шәмшінің ұлы «сотқа берем» деп қорқытып қояды»

– Қазір әншілер есеп беру кешін өткізуге құштар. Сіз де қазақ ән өнеріне өшпес мұра қалдырған Шәмші ҚАЛДАЯҚОВ, Әсет БЕЙСЕУОВ, Әбілахат ЕСПАЕВ сынды композиторларды еске алу кешін жиі ұйымдастырып келдіңіз. Соңғы кезде мұндай кештерді өткізуді Шәмші Қалдаяқовтың отбасы да қолға алыпты. Бұдан былай қатар ұйымдастыра бересіздер ме?  

– Шәмші Қалдаяқовты еске алу жобасын 1992 жылы бастадым. 31 жыл болды. Былтыр қараша айында ғана өткіздік. 23 сәуірде Шәмшінің әндеріне арналған еске алу кеші өтеді. Оны екі балам ұйымдастырып жатыр. Қазірдің өзінде әлеуметтік желі арқылы билет өтіп кетті.

Жалпы, әншілер неге жеке концерт беруге құмар? Халық  тарапынан сұраныс бар. Көрермен бармаса, қайдағы концерт? Әйтеуір сұранысқа ие болып тұрған кезде кеш өткізіп жағдайын жасап алғысы келеді ғой.

Осыдан екі жыл бұрын Ақтөбе облысының әкімі Шәмші Қалдаяқовтың ескерткішін қойды. Енді Атырауда кеш өткізсек дейміз. Облысқа сұраныспен ғана бара аламыз. Әйтпесе, әншілерді апару, орналастыру, қаламақы төлеу – бәрі шығын. Биыл өз шығармашылығыма да 35 жыл толады. Келесі жылы Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан қаласында кеш өткізсем деген ойым бар.

Бірақ композитор Шәмші Қалдаяқовты еске алу кешін тоқтатпаймыз.  Шәмшінің екінші ұлы Мұхтар ҚАЛДАЯҚ «Шәмшінің кешін өзіміз өткіземіз» деп арасында мені сотқа берем деп қорқытып қояды.

Биыл Астанада өткізді. Мен ғана емес, отбасы да ұйымдастырып жатыр. Оған «неге өткізесің?» деп айтуға құқым жоқ, олардың да маған олай айтатын жөні жоқ.

– Осындай концерттер арқылы сізді біраз әншінің жұлдызын жақты деуге бола ма?

– Өте көп. Эстрадада жүрген әншінің көбі менің концертім арқылы танылды. Тіпті, «Музарт» топ болмай тұрғанда МЕЙРАМБЕК, СӘКЕН, МАҚСАТ үшеуі өз атымен шығып, өнер көрсетті. Бір айдан кейін топ құрылды. Бірақ соның біреуіне міндетсінген кезім жоқ. Талантты тани білуге тырыстым. Жеріне, руына қарамадым, әні жақсы ма, жақсы орындай ма, болды, ол – менің туысым, ол – менің бауырым. Ол ол ма, талайының әніне тегін өңдеу жасап бердім.  

– Бүгінгі қазақ эстрадасына берер бағаңыз қандай?

– Қазір қазақ эстрадасы жабайы түрде дамып жатыр. Көбі шетелден ұрланған әндер. Әйтеуір қазақша мәтін жаздыртып, тойға барып, ақша тауып жүр. Басында бұлар ұрлағанына қысылатын еді, қазір ұялуды қойды. Қазақ эстрадасы дүбәра әндерге толып кетті. Бұл да уақытша шығар. Сондықтан көркемдік кеңесті министрлік жанынан қайта құрып, жанды дауыста ән айту мәселесін қайта көтеру керек сияқты. 

– Осыдан бір-екі жыл бұрын «қазақ эстрадасындағы әншілердің 90 пайызы жезөкше» деген едіңіз. Осы пікіріңізден кейін өнердегі әнші әпке-қарындастарыңыз ренжіген жоқ па?

– Ренжитін жөні жоқ қой. Арасында өкпелеген бір-екеуі сотқа бермекші болды. «Мен сенің аты-жөніңді айттым ба? Сотқа бере бер» дедім. Бірақ әнші Жанар АЙЖАНОВА, Айгүл ЕЛШІБАЕВА менің пікірімді жақтапты.

Өткенде Болат НАЗАРБАЕВТЫҢ тоқалы болған Динара ӘЛЖАН да «бір рет қойынға жатып, 70 мың доллар берді, 20 мыңның сырғасын сыйлады» деген жоқ па? Осыдан кейін-ақ әншілердің сондай екеніне халықтың көзі жете бастады ғой.

Өнерді тазалау қажет. Сахнада халықтың көзіне тура қарайтындай ары таза болуы керек. Әр адамның еңбегіне қарай алатын сыйы бар. Өз өнерін лас жолмен емес, таза еңбекпен алып шығатынын дәлелдеуі тиіс. Таланттарды мемлекет қорғауы керек, ал талантсыздар жаңағыдай жолмен өмір сүреді.

«Мақпал Жүнісова – тағдырлы әнші»

– Әлгінде әнші Мақпал Жүнісова туралы айтып қалдыңыз. Қазір әншіні қаралау операциясы қайта басталған сияқты ма?

– Сенің жер басып жүргенің басқа біреуге ауыр тиюі мүмкін. Адамның алдымен өнерін бағалаймын. Мақпал ЖҮНІСОВА Заманбек НҰРҚАДІЛОВКЕ тимегенде де Мақпал болып қалар еді. Онсыз да халық әртісі атанар еді.

Тіпті Мақпал Заманбекке тимесе, қазір жағдайы жақсы болар еді деп ойлаймын. Ол кезінде Заманбек Нұрқаділовтің әйелі болғаны үшін ғана баратын жеріне бара алмай, аяқ-қолы тұсаулы жүрді ғой. Мақпал өзі тиген жоқ, Заманбек оны алды. Заманбек кімді сүйіп, кімді алады, өзі біледі. Егер Мақпал Заманбекке күйеуге тигеннен кейін әнші ретінде танылса, таланты ашылса, түсінер едім.

Мақпал Жүнісова – тағдырлы әнші. Ақан Сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса, Балуан шолақ тарихта өнер адамы ретінде қалды. Сол кезде олардан да мықты әншілер болмады деп ойлайсыз ба? Осы бес адамды халықтың жүрегінде мәңгі қалдырған не нәрсе? Олардың тағдыры. Сол сияқты  Мақпал мен Заманбектің қосылғаны ғасырдан ғасырға аңыз боп кете береді. Сондықтан олардың қазақ өнеріне қосқан үлесін ғана айтуымыз керек.   

– Сұхбатыңызға рақмет!

Дереккөз: NEGE

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары