Белгілі әнші Тамара Асар “Ұйқым келмейді” бағдарламасында болашақ келінінің қандай болу керегін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Балаларыма айтамын, келіндерім тәтті қылып шәй құйып үйренсе болды. Қою қыла ма, сұйық қыла ма, самаурынның шәйі болсын, басқа болсын өзі біледі. Бастысы адамдар келінімнің шәйін ішкісі келіп тұрса, жымиып, өзі де, шәйі де жылы болса деймін. Адал сүт емген адам болса. Қазақша білсе де, білмесе де, салт-дәстүрден хабары болсын, болмасын менің балаларыма адал болса, оларға қызмет етсе болды. Ер азаматтан күш кеткен кезде, әйел оған деген қызметін азайтады. Сол кезге өзінің күш қорын сақтаса деймін. Жас кезінде лап еткізіп қызметін де, құрметін де жандырып жібермей, ер адам 40-50 жасқа жақындап, шаршап, еркелікке мұқтаж болатын кезге сақтаса деген арман бар” дейді Тамара Асар.
Өнер иесі келіндеріне қоятын басты талабын да айтып өтті.
“Балаларыма үйленіп жатсаңдар алғашқы қырық бір күн бізбен бірге тұрасыңдар. Одан бөпелі болған кезде бірінші қырық бір күн де жанымызда боласыңдар. Қалжасын қолдан бергім келеді. Сол қырық бір күнге шыдап, жамандығын көрсетпеген қыз бала мен үйде не істеймін, соны қайталайды. Бар арманым балаларыма өле-өлгенше қызмет етсе, құласа бірге құлап, бірге тұрса болды. Сол менің арманым” – дейді әнші.