29.08.2023, 16:40

«Адамды ұлт арқылы емес, ісінен бағалау абзал»: Толқын Забирова алғаш рет күйеуі жайлы айтты

Фото: instagram.com/tolkynzabirova
Мен үшін алаңдамай-ақ қойыңыздар, мен – бақытты әйелмін.

Белгілі әнші Толқын Забирова 26 жыл бір шаңырақ астында тұрған күйеуін көпшілікке көрсетті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Өнер иесі күні кеше күйеуін туған күнімен құттықтаған еді. Кейін желі қолданушылардың толассыз сұрақтарынан соң Толқын Забирова күйеуі туралы жазба жариялады. 

Достарым! Жолдасымның атына келіп жатқан құттықтауларыңызға мың рахмет! Біреуі білсе, біреуі білмейтін шығар, өмірлік жарыммен Алла қосқанына 26жыл болды! Үш ұлымыз дүниеге келді. Бізді қосқан өнер жолы. Махаббат пен өнер ұлтты таңдамайды, жүрек таңдайды. Иә, ұлты қазақ болмағанымен, қазақ жерінде Жамбыл облысы, Мерке ауданында өмірге келген, – дейді Толқын Забирова.

Толқын Забированың сөзінше, күйеуі бірқатар отандық әншілердің өнердегі жолын ашқан.

Қазақ өнеріне қосқан үлесі ұшаң теңіз! Өздеріңіз сүйіп тыңдайтын өнерпаздардың көбісі жолдасымның қолдауымен танымал болды. Аттарын айтпай-ақ қояйын, білетін адам біледі. Адамгершілігі, жан пәктігі, кең жүрегі (айта берсем көп) болмаса, қасынан мен табылар ма едім?! Одан да әр ару өзінің теңін тауып, бақытты болсын деп тілейік. Таңдай қағып отырғандарға айтарым: Мен үшін алаңдамай-ақ қойыңыздар, мен – бақытты әйелмін. Адамды ұлт арқылы емес, ісінен бағалау абзал, – деп жазды әнші.