"Біз оған екі сеанс бойы ештеңе айтпадық".
«Өнер қырандары» театрының актері Мадияр Серікбаев сахнада өнер көрсетіп жатқанда анасынан айырылған. Әріптестері оған қаралы хабарды бірден жеткізбей, қойылым аяқталғанша күтуді жөн көрген. Бұл туралы актер Жанболат Найзабеков Аман Тасығанға берген сұхбатында айтып берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Жанболат Найзабековтің сөзінше, сол күні Мадияр Серікбаев анасының қабірінің басында тұрған баланың рөлін сомдап, сахнада «Анашым, кешірші» деп айтқан. Осы сәтте оның телефонына әпкесінен қоңырау түскен.
«Мадияр анасының қабірінің басына келіп тұрған баланы ойнап жатыр. “Анашым, кешірші” деп. Осы кезде менің телефоным шырылдады. Мәкеңе әпкесі қоңырау шалып, “мамадан айырылып қалдық” деді. Біз оған екі сеанс бойы ештеңе айтпадық. Кешкі сағат ондар шамасында концерт аяқталды. Содан кейін Мәкең гримеркаға келіп, бетін сүртіп отырды. Ол мұндай жаңалықты күтпеген еді», – деді актер.
Оның айтуынша, Мадияр Серікбаевтың анасы ұзақ уақыт бойы қатты ауырған. Өмірінің соңғы кезеңінде тіпті жүре алмай қалған.
Қаралы хабардан «Өнер қырандары» театрының алты актері хабардар болған. Олар да ауыр жағдайды іштеріне сақтап, әріптесіне бірден айтпағандары үшін қиналған. Алайда залда отырған көрермендерді және қойылымның аяқталуын ойлап, әзірге үндемеуге шешім қабылдаған.
Актерлер Мадиярға анасынан айырылғанын бірден естіртсе, оның сахнада өнерін жалғастыруға шамасы келмейтінін түсінген. Сондықтан қаралы хабарды концерт аяқталғанша жеткізбей, әріптесінің сахнадағы міндетін орындап шығуына мүмкіндік берген.