$ 494.87  520.65  4.91

«Азамат есеппен үйленді»: Актриса Назгүл Қарабалина отбасындағы сырды ашты

Азаматтың махаббатына қарағанда ата-енемнің маған деген сүйіспеншілігі мен үшін маңызды.
Фото: instagram.com/azamatc
Фото: instagram.com/azamatc

Жұлдызды жұп Азамат Сатыбалды мен Назгүл Қарабалина “Дастархан” бағдарламасында қалай танысып, табысқандары туралы айтты. Актирса Назгүл Қарабалина жеке өміріне қатысты сырымен бөлісті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Мен Азаматпен академиядан бері таныспын. Бір курста, бір топта оқыдық, бір ұстаздан білім алдық. Ең алғаш Азаматты емтихан залында көрдім. Мен оқуға қабылданбай, жүрдім. Төртінші мәрте келіп фортепиано ойнап беремін, бірақ оқуға қабылдамайды. Сөйтіп анамның жанында күңіреніп отырсам, залға бес жігіт кіріп келді. Көзім бірден Азаматқа түсті. Бірақ “мына жігіт сүйкімді екені деп ойлайтындай жағдайда болмадым. Ол кезде Азамат қазіргідей сүйкімді емес еді. Толықтау, көзі сығырайған. Десе де, оған бір қарап тоқталдым. Олар келіп сахнаға шығып, бірден оқуға қабылданды. Менің одан сайын ашуым келді. Кейін бірге оқыдық, Азамат топтың старостасы болды. Мен батыстың қызы болғандықтан, мінезім тік. Бір-бірімізді жақтырмай жүрген сәттер де болды. Кейін жақсы көріп кеттік, – дейді актриса.

Назгүл Қарабалина Азамат Сатыбалдыға алғаш болып өзінің ғашық болғанын да жасырмай айтты.

Шыны керек, академияда оқып жүрген кезде Азамат мені ұната қойған жоқ еді. Азаматқа алғаш ғашық болған мен болатынмын. Жасыратыны жоқ, “Азаматтың маған көңілі ауса екен, мені көрсе екен, байқаса екен” деген сәттер болды. Оған қойын дәптер арнаған болатынмын. Оның ішінде де бұл өлеңдер бар. Ол кезде Азамат басқа бір қызды ұнатып жүретін. Сол қойын дәптерде мынадай жазба болатын. “О, Алла Тағала, егер Азамат маған назар аударса, екеуіміз үйленсек… Оның көп балалы отбасыдан екенін білемін, олар 9 ағайынды, оны сен де білесің. Әке-шешесі зейнеткер. Соған қарамастан мен оның ата-анасына қарайласып, аға-әпкелерімен жақсы қарым-қатынаста болатын едім. Маған тек екеуіміздің қосылуымызды нәсіп етші”, – деп жазатынмын. Соны бір күні Азамат оқып қойыпты. Енді ондай адам керек қой. Өзі “әке-шешеме қараймын” деп тұрса. Содан кейін ойланған болуы керек. Азамат бастапқыда есеппен үйленді, менде шынайы сезім болды. Қазір мені жақсы көретін сияқты, – дейді Назгүл Қарабалина күліп.

Алайда актриса үшін жұбайының махаббатынан гөрі, қайын атасының өзін қабылдағаны маңыздырақ болған. 

Азаматтың махаббатынан қайын атамның мені жақсы көргені мен үшін қымбат болды. Қайын атам былтыр 90 жасында дүние салды. Бұл өмірде тапқан байлығым, бағым – менің атам. Ол кісі абыз адам болатын. Пешенеме сондай адамға келін болу жазғанына шүкіршілік айтамын. Азаматтың махаббатына қарағанда ата-енемнің маған деген сүйіспеншілігі мен үшін маңызды, – дейді актриса көзіне жас алып.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары