Қай мемлекетте, қай жерде жүрсем де елімнің абыройы биік болса екен деп тілеймін!
Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің бір топ азаматы қоғамдық қызметі үшін мемлекеттік наградалармен марапатталды. Атаққа ие болғандардың қатарында әнші Димаш Құдайберген де бар, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Елімізді шетелдік сахналарда танытып жүрген Димаш «Қазақстанның халық әртісі» атанды. Ол бұл туралы ұшақта ҚР Президентінің өз аузынан естіген.
«Алғаш рет атақ алатынымды ұшақта естідім. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қытайға барған іс-сапарымыздан қайтып келе жатқанда айтқан. Мұны айтуға бола ма екен?! Ең бастысы, халықтың ықыласы мен пейілі. Ол ешқандай марапатпен өлшенбейді. Сондықтан бұл атаққа лайықпын ба, лайық емеспін бе – халық шешеді. Менің әрбір қадамымды қолдаған халқыма рақмет!», – деді әнші журналистерге берген сұхбатында.
Бұдан бөлек, ол әлеуметтік желідегі парақшасына арнайы жазба жариялап, өзін жетістігімен құттықтап жатқан көпшілікке алғыс білдірді.
«Ардақты Алаш жұрты! Барлық құттықтау- тілектеріңізге көп рақмет!Кезінде Қонаев Дінмұхаммед Ахметұлы: «Мен қанша биікке көтерілсем де, халқымнан биік емеспін», – деп халқымызды қаншалықты құрметтейтінін көрсеткен еді. Мен де «Ел-жұртымның ақ пейілінен, ыстық ықыласынан артық биік құрмет жоқ» дер едім. Өнерімнің өрлеуі елдің батасынан екенін терең ұғынамын. «Ерім» дейтін ел барда, «елім» дейтін ерлер туады. Қай мемлекетте, қай жерде жүрсем де елімнің абыройы биік болса екен деп тілеймін», – деп жазды Димаш Құдайберген.