Жуынатын бөлмеде қап-қара шашын жайған қызға ұқсайтын қорқынышты бейнені көрген.
Актриса әрі әнші Айжұлдыз Адайбекова қонақ үйлердің бірінде басынан өткен қорқынышты оқиға туралы баяндады. Оның айтуынша, Қапшағайдағы қонақ үйлердің біріне түнеуге барғанда тылсым энергетиканы сезген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы ол «Дәстүрлі подкаст» жобасында айтты. Сөзіне құлақ түрсек, ол сол сәтте бір жігітпен кездесіп жүрген. Екеуі араласып жүргенде шытырман оқиғаға жиі тап бола берген. Соның бірі Қапшағай қаласында болған.
Біздің Қапшағайда таза емес энергетика бар. Ол жаққа түсірілімге баруым керек болып, сол кездегі жігітімнің машинасымен шықтық. Қателеспесем ол жақта бір қонақ үй бар. Ол өте арзан және көне стильде жасалған. Түн ортасы болғаннан кейін, ертең ерте тұрып, жол жүреміз деп шештік. Одан кейін бізге бір нөмер берді, соған кіргеннен кейін өзім біртүрлі болдым. Бірақ қасымдағы адамның көңіл-күйі жақсы болған соң, сол жерде түнедік. Ұйықтауға жатқанда менің көпке дейін ұйқым келмеді. Жарықты өшіргенім сол еді, бір мысық жүгіріп өтті. Перде қозғалды. Қатты қорқып кеттім. Қасымдағы адамды оята алмадым. Бір кезде ол өзі шошып атып тұрды. “Тез-тез киініп шық, кетеміз” деді. Жол бойы ештеңе айтпай, бір кезде отырып, болған жағдайды айтып берді. Екеумізге де бірдей елес көрінген. Жуынатын бөлмеде қап-қара шашын жайған қызға ұқсайтын қорқынышты бейнені көрген. Сол оқиғадан кейін түсініксіз күйге түстік, – дейді актриса.