24-кезекті «China Top music Awards» шарасы қытайдың Шанхай қаласы Mercedes Benz Arena-сында өтіп, қазақстандық әнші Димаш Құдайберген шараның «Азияның ең танымал әншісі» (Best Asia popularsinger) номинациясы бойынша марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кеште Димаш өзін барша әлемге танымал болуына себепкер, әлемде ең қиын бес әннің бірі саналатын француздың «SOS d'un terrien endétresse» әнін шырқап, көпшіліктің көңілінен шықты.
Бұған дейін Димаш шараның қызыл кілемінен өтіп, жанкүйерлерінің ыстық ықыласына бөленгені туралы хабарлағанған еді.
Марапаттау кезінде Димаш Құдайберген көрермендерге қазақ тілінде алғыс айтты. «Ассалаумағалейкүм, құрметті әлеумет! Өте қатты қуаныштымын.Бұл менің шет елдегі ең алғашқы үлкен сыйлығым. Ең алдымен мен өзімнің ата-анама және де жан досыма көп рақмет айтамын, мені қолдап-демеу болып жүргендеріне. Және де менің бағымды ашқан, әлемге танытып жатқан «Singer» жобасына алғыс айтамын! Менің қолдап жүретін барша тыңдармандарыма рақмет айтқым келеді! Бар болыңыздар, аман болыңыздар! Бұл тек бастамасы ғана», -деді Димаш.
Айте кетерлігі, «China Top music Awards» - 1994 жылдан бері Азия елдеріндегі ең танымал әншілердің басын қосатын ұлкен мерекелік шара. Бұл күнде ол Қытай музыкалық қоғамдастығындағы ең айтулы оқиғалардың бірі саналады. Сонымен қатар осы сыйлықты «қытайлық Грэмми» деп те атайды.