Бауыржан Ибрагимов Қазақстан халқы бірлігі күніне орай жаңа форматтағы шоу ұсынады. Айтулы шара 1 және 2 мамыр күндері алғаш рет І Халықаралық «Бауыржан FEST» әзіл фестивалі деген атаумен өтпек.
Фестиваль аясында 1 мамыр күні Астана қаласындағы «Қазақстан» Орталық концерт залында және 2 мамыр күні Алматыда Республика Сарайында екі концерт беріледі.
Фестиваль ресейлік әйгілі «Кривое зеркало» шоуының жұлдыздары Карен Аванесян мен Абит Асомов, «Жоошбай» әзіл-сатира тандемі (Қырғызстан), «Мирзо» әзіл театры (Өзбекстан), танымал «Бауыржан шоу», «Шаншар», «Алдараспан», «Екі Езу» әзіл театрларының жұлдыздары, «Нұр-Мұқасан», «МузАрт» триосы, Маржан Арапбаева және өзге де танымал әртістердің қатысуымен өтеді.
Сондай-ақ, Фестиваль аясында қайырымдылық акциялары, баспасөз конференциялары, шығармашылық мамандықтар студенттеріне арналған ашық лекциялар, тренингтер мен вебинарлар өткізілетіні хабарланды.
Жоба авторы халық әртісі Бауыржан Ибрагимовтың айтуынша, «Фестивальдің негізгі мақсаты – халықты біріктіріп, біртұтас ететін құндылықтарды әзіл арқылы көрсете отырып, достық пен береке-бірлік идеяларын насихаттау» болып табылады.
«Фестиваль алыс және жақын шетелдің әйгілі әртістерінің қатысуымен жыл сайын өткізіледі деп жоспарлап отырмыз», – деді Б. Ибрагимов.
Шоу түрлі әзіл жанрларынан құралған қазақ және орыс тілдеріндегі қойылымдардан тұратын болады. Көрермен қауым музыкалық және пародиялық сахналарды, миниатюралар мен қойылымдарды тамашалай алады. Әзіл-сықақ саласының танымал әртістері концерт қонақтарын жаңа қойылымдарымен қуантары анық.