$ 494.87  520.65  4.91

Мұхтар Шерім: «Тука» інімнің ұрлықшы екенін көріп, көздерім алақандай, көңілім тарақандай болды

Мұхтар Шерім Нұржан Төлендиевтен әлеуметтік желі арқылы кешірім сұрауды талап етіп отыр.

Фото: видеодағы кадрдан алынды
Фото: видеодағы кадрдан алынды

Белгілі сықақшы-жазушы Мұхтар Шерім «Алдараспан» әзіл-сықақ театрының жетекшісі, әртісі Нұржан Төлендиевті ұрыға теңеді,  деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Aikyn.kz-ке сілтеме жасап.

Інімді жұрттың бәрі жақсы көреді. Мен де құрметтеймін. Өнерін. Талантын. Осы уақытқа дейін оның талантына махаббатым маздап тұр еді, «Алдараспанды» көріп отырып, оған деген ыстық ықыласыма біреу су сепкендей, әлдекім мені ыңқ еткізе тепкендей, таңдайымда құрғақшылық болып, қаңсып кепкендей, сілейдім де қалдым.

Неге дейсіздер ғой? «Тука» інімнің ұрлықшы екенін көріп, көздерім алақандай, көңілім жорғалап бара жатқан тарақандай болды! Ойпырмай, бұлар да таусылады екен ғой! – деген қаламгер.

Ол өнер иелері таусылған соң ұрлыққа барады деген тұжырым жасайды.

Ол менің үйіме ұрлыққа түскен жоқ, ол менің шығармамды, сатирамды ұрлап кетті! Тал түсте! Әлеуметтік желілерде жарияланып кеткен «Сирияға кеттім!» атты сатирамды ұрлап, монолог жанрында айтып шықты! Кейіпкерімнің әйелі «Сиырға кеттім!» деп күйеуіне хат жазып кеткісі келеді, бірақ сауатсыздығынан «Сирияға кеттім!» деп жазып қойған.

Оқиға осылай өрбиді. Нұржан інімнің сатирамды орындағанына мәз болар едім-ау! Бірақ ұяттан жұрдай, әшейінде сахнада ұлағатты сөздер айтуға келгенде алдына жан салмайтын інім «Сирияға кеттім» сатирамды орындағанда, эфирде «авторы Нұржан Төлендиев» деп берді. Бұл не сонда? Тонау ғой, – дейді Мұхтар Шерім.  

Тағы оқи отырыңыз: Нұржан Төлендиев көрерменнен сөз естіді (ВИДЕО)

   Автор дереу Төлендиевтің өзіне қоңырау шалған. «Ойбай, сіздікі ме еді? Маған вацаппен келіп еді... Кешіріңіз... Телевидениеге айтып, фамилияңызды қойдыртамын» деп ақталыпты. Оның бұл дауысын жазып та алған.

Сонда қалай, вацаппен авторсыз келген әзілдерді Төлендиев мырза өзі жазғандай иеленіп кете бере ме? Авторлық құқығымды талап етіп, сотқа шағымдануым, моральдық шығын талап етуім мүмкін. Өзіме шақ теріме сыймай, әрі жақсы көретін інімді ұры деуге қимай отырмын... Осы бағдарламасында менің тағы бір сатирамды иемденіп кетіпті. Суицид туралы жазғанмын.

Идеямды, оқиғаны ұрлаған. Оны да дәлелдей аламын. Кезінде «Шаншарға» «Үбән» атты әзілімді өзім беріп, осы Нұржан тамаша орындап шыққан еді. «Алдараспанға» «Евромоламды» беріп, ерекше орындап, тағы бір қуантып еді.

Енді міне, еңсем есікке қысылып, ұнжырғам ұн болып отыр! Шынында, «Алдараспан» кейінгі кезде аласарып, алақ-жұлақ ете бастады, сөйтсем, таусыла бастапты ғой!, – дейді сықақшы.

Мұхтар Шерім Нұржан Төлендиевтен әлеуметтік желі арқылы кешірім сұрауды талап етіп отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 4
Ұнамайды 3
Күлкілі 2
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары