$ 443.85  474.3  4.8

Талдықорғанда лимузин мінген театр артистерін облыс әкімі қызыл кілем төсеп күтіп алды

Халықаралық театр күніне орай Талдықорғандағы Б.Римова атындағы театрда салтанатты шара өтті. Мерекеге орай қаланы лимузиндермен аралап шыққан театр артистерін қызыл кілем төсеп облыс әкімі Амандық Баталов бастаған өнерсүйер қауым күтіп алды.

Мерекелік шара театр тарихы туралы бейнефильм көрсетуден басталды. Фильмде өнер ошағының 40 жылдағы жүріп өткен жолы, шетелге шыққан сапарлары, байқаулардағы жетістіктері және басқа да ізденістері мен іздері кеңінен қамтылды. Театрдың қабырғасы қаланғаннан бері тынбай еңбек етіп келе жатқан әртістердің қатарында Қазақстанның Халық әртісі Алмахан Кенжебекова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Өмірсерік Қалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Кендебай Темірбайұлы, Әлихан Ыдырышева, «Құрмет» белгісінің иегері, театрдың көркемдік жетекшісі Серік Нұрхалық бар.

– Театр күні – тек әртістер үшін ғана емес, баршамыз үшін үлкен өнер мерекесі. Киелі шаңырақ өзінің қырық жылдық ғұмыр жолында жеріміздің тарихын, тәуелсіз еліміздің игіліктерін танытып келеді. Бүгін өнер тарландарының қатары жас толқынмен толыққанын көріп, қуанып отырмыз. Бұл – театрдың өмір сүріп жатқанын, ұрпақтар сабақтастығы дәстүрін жалғастырып келе жатқанын көрсетеді, - деп атап өтті облыс әкімі А.Баталов өзінің құттықтау сөзінде.

Ол сондай-ақ, Талдықорғандағы жаңадан тұрғызылып жатқан театр ғиматарының 2018 жылы Халықаралық театр фестивалімен ашылатынын тілге тиек етті.

– Құрметті өнер иелері! Сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге шығармашылық өрлеу, толайым табыс тілеймін! – деп ізгі тілегін білдірген А.Баталов Б.Римова атындағы драма театрының, Ақсу, Мұқыры, Ақши, Райымбек, Д.Рақышев атындағы халық театрларының өкілдерін Құрмет грамоталарымен марапаттады.

Салтанатты шарада театрдың бір жұмыс күнін айшықтайтын шағын қойылым көрсетілді. Соңы театр әртістері мен Сүйінбай атындағы облыстық филармония өнерпаздарының концертіне ұласты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары