«Соңғы кездері бір-бірімізге айдап салып, отқа май құйып, әсіресе, қарт кісілердің тілінен тартып, ғайбат айтқызуға өзіміз мәжбүрлеп жүрміз».
ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Сәкен Майғазиев әлеуметтік желіде кездескенде бетіне қарап айта алмайтын, бірақ сыртынан тон пішетіндерге жазба арнады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Құшағымды ашып, жымиып тұрып жазайыншы. Кешегі ақ-қара (черно-белый) суретіме қарап мені өмірден түңіліп отырып жазба қалдырған екен деп қабылдағандар көп болыпты. "Сәкен аға, сізді кім жамандаған", "Сәкен бауырым, көңіліңе алма...", деген сынды хаттар көп келіп жатыр. Кешегі жазбамның маған мүлдем қатысы жоқ. Сыртымнан тон пішетін, кездескенде бетіме ештеңе айта алмайтындардың әрекеттерін көтеретін иммунитет бар менде, Құдайға шүкір. Күле қарауды үйреніп алдым. Айтқым келгені басқа, - деп жазды әнші.
Сонымен қатар, ол соңғы кезде өсек айтатындар қатты белең алып бара жатқанын сөзге тиек етті.
Бір ағамыз: "Ұлы тұлғалармен жақын танысып, етене араласуға қорқам. Неге десеңіз, оның пенделігін көріп қоям...", деп еді. Замандас, әріптес, сапарлас, дәмдес болған, ақыл тоқтатқан адамдардың әлеуметтік желі арқылы (көзі кетіп немесе жүзі тая бере) бір бірі туралы өсек айтып, қаралай кететіні не сән?! Соңғы кезде қатты белең алып бара жатқан жағымсыз көрініс.
Элера Кабилжанқызы деген балапаннан Шарапат "Жауапкершіліктен жұрдай, жексұрын" деп жүрген бір әнші туралы сұрады. Сонда Эля қыз: "Білмеймін, жаман қасиетін көрмедім, өте жақсы адам" деп жауап берді. Сол кезде мен Эляға Серік Қалиев ағамыздың: "Әділ қазылар біреуге баға беріп отырып, өзіне баға беріп отырғанын байқамайды", деген сөзін айтып бердім. Әсілінде, Элеара әлгі әншіні жамандамаған әрекетімен өзінің жақсы адам екенін көрсетті. Түсіндіре алдым ба? Соңғы кездері бір бірімізге айдап салып, отқа май құйып, әсіресе, қарт кісілердің тілінен тартып, ғайбат айтқызуға өзіміз мәжбүрлеп жүрміз. Айттыңызшы, қазақ елінің болашағына осы әрекетіміздің пайдасы бар ма?, – деп жазды мәдениет саласының өкілі.