"Мынау Арыстанбек министр отырғанда сен өтпейсің" деп айтқан адамдар болды.
Танымал актер, продюсер Алмат Сақатов атақ-даңқ туралы сөз қозғап, мемлекеттік наградалардың сатылатынын ашып айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Сонымен қатар өнер иесінің отандық киноиндустрияға да көңілі толмайтын болып шықты. Айтуынша қазір бәрі арзан дүниеге құмар.
“Мен өнер саласында жоғары білім алмаған, театр институтын бітірмеген, Ауыл шаруашылығы, Политехникалық университеттерін бітіріп, КВН ойнап танымал болған балалар жайлы айтып отырмын. Олар қазір кино түсіріп жатыр, үлкен-үлкен жұлдыздар, концерттерді жүргізіп танымал боп кетті. Олар бұған еңбектің арқасында келді. Оқыған балалар бар, олар жалқау, жұмыс істемейді. Бірақ, атақты болғысы келеді. Ал әлгі оқымаған балалар жанталасып жұмыс істеп жатыр. Десе де шығарған дүниелері бір күндік, тез өтіп кететін нәрсеге қызығады. Ертеңіне елдің есінен шығып кетеді. Астары жоқ, айтары жоқ, бір рет тырқылдап күліп, күліп кетесің, болды", деді ол.
Бұдан бөлек өзінің мемлекеттен атақ алмауына экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлын кінәлі деп атады. Айтуынша, атақтың өзі ақшаға тіреліп тұр.
"Мен кезінде атақ алуға ұмтылып көрдім. Жігіттер екі рет ұсынды. Бір жолы бір жігіт "Бес мың доллар берсең, ертең-ақ алып беремін" деп айтты. Атақ үшін бес мың беріп не қылам дедім, онсыз да жұмысымды істеп жатырмын. Азды-көпті ел біледі. "Маған өйтіп сатып алған атақ керек емес" деп бас тарттым. "Мынау Арыстанбек министр отырғанда сен өтпейсің" деп айтқан адамдар болды. Себебі кезінде жас кезімізде ұстасып қалғанбыз. "Бауыржан шоудың дүркіреп тұрған кезі, кеудемізге нан піспек түгілі, наубайхана болған. Сондай кездерде әлгі министрмен ерегісіп қалғанбыз. Оның да кінәсі болды, негізі. Бәлкім сол есінде қалып қойды ма екен. Соны бір кездескенде өзінен сұраймын деп жүргем. Бірақ қазір арғы жаққа кетіп, отырып қалды ғой", – деді Алмат Сақатов.