$ 494.87  520.65  4.91

«5 жыл бойы таяқ жедім»: Үш баламен ажырасқан журналист-блогер жан сырын ақтарды

Туысқандары «елге танымал өнер адамының атына күйе жақтың» деп айыптады.

Фото: stan.kz
Фото: stan.kz

Әлеуметтік желідегі  танымал бьюти-блогер бұрынғы күйеуі «Меломен» тобының әншісі Ғабит Бибасыұлынан не себепті ажырасуға мәжбүр болғанын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Анна Данченкоға берген сұхбатында бұрынғы журналист Нұрила Ақберен бастан кешкен қиындықтарын айтып, 5 жыл шыдаған зорлық-зомбылықтан кейін «мүгедек болып қалмайын» деп ажырасуға бел буғанын жеткізді.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған алты жарым жылдай бірге өмір сүрдік. Бізге ешкім араласқан жоқ. Ажырасу менің шешімім болды. Екі адамның бірі осы ойға бекінсе, оған үшінші адамның қатысы жоқ. Қазір әйел құқығы қатты қорғалып жатыр. Осыған мен қатты қуаныштымын. Бес жыл үйде отырдым. Бес жыл таяқ жеп өмір сүрдім. Осы аралықта керемет тамақ істеп, үй шаруасымен айналыстым. Бірақ ата-енемен бірге тұрмағандықтан, қандай келін екеніме баға бермей-ақ қояйын, - дейді Нұрила Ақберен.

Нұрила Ақбереннің сөзінше, ажырасқаннан кейін алимент те сұрамапты.

Үш баламен ажырасып, екі жылдан бері бөлек тұрып жатырмын. Ажырасқаннан кейін, балаларға алимент те сұрамадым. Ол кісі тек балабақшасын ғана төлейді. Біздің ортақ келісіміз осы болған. Одан кейін мүмкіндігінше ақшасы артық қалып жатса беріп тұрады. Өзім еңбекке ерте араласқандықтан, қаржылай тәуелсіз болдым. Декретте отырғандықтан табыс табуды үйреніп алдым. Ақшам болған соң, алиментке басымды ауыртқым келмейді. Соңғы кезде «алиментке беремін-ау» деген ой келіп жүр. Ауызекі келісім ештеңені шешпейді екен. Бәрін заң жүзінде болғанын қалаймын, – деді блогер.

Сонымен қатар, тұрмыста болған жылдарда күйеуінің қол көтергенін де жасырмады.

Мен жеке парақшама шындықты жаза бастағанда ол кісінің туысқандары маған ренжіді. «Елге танымал өнер адамының атына күйе жақтың» деп айыптады. Сол кезде менің намысым мен арымды ешкім ойлаған жоқ. Бәрі балалы болғаннан кейін басталды. Мен жалған үмітпен өмір сүрдім. Адам өзгереді, отбасылық өмір осындай кезеңдерден тұруы керек деп қате түсінік таныттым. Бишімбаевтың ісін көріп отырып, қатты ауыр күйге түстім. Өйткені ешқашан өліп қаламын деп ойламайды екенсің. Соңғы кездегі соққыдан кейін, «мүгедек болып қалмаймын ба, менің кетуім керек» деген ой келді. Шапалақпен ұрдым дегенінің өзі – үш жұдырық. Соны түсіну керек, – дейді блогер.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 8
Ұнамайды 5
Күлкілі 0
Ашулы 3

Серіктес жаңалықтары