$ 494.87  520.65  4.91

«Сайқымазақ емеспін»: Жаңа қызметке тағайындалған Нұрлан Қоянбаев өзін сынағандарға ренішін білдірді

Неге өз елімде айлығы жоқ қызметке тұрғанда, ақталып, пост жазуым керек?!

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Танымал продюсер Нұрлан Қоянбаев өзінің жаңа қызметке тағайындалуына байланысты айтылған сынға жауап берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Мен Қазақстан Республикасының азаматымын. Қызылорда облысы Шиелі ауданының тумасымын. №45 гимназия мектебін алтынға бітірдім. Қазақ Ұлттық Әл-Фараби университетінің тарих факультетінде білім алдым. Экономика және құқық академиясында финанс және кредит мамандығын бітірдім.

300 милиондық аудиториясы бар, ең ірі жастардың ойынында, Мәскеу қаласында қазақтың әзілін төрге шығарған команданың капитаны болдым. (тек мықты мемлекеттердің ғана әзілі дамыған: АҚШ, Англия, Франция т.б) Телеарна саласында бағдарламамыз 9,3 рейтингімен рекордтық нәтиже көрсетті. Оны телеарна саласында қызмет атқаратындар, телевизия тарихындағы ең жоғарғы рейтингтерінің бірі екенін айтып бере алады.

Кино саласына келіп, ол саланың маманы болмасам да, Голливудтың дәуірін тоқтаттым. Мемлекеттік бюджеттен бір тиын алмай, жұмыс істеуге болатынын көрсеттік. Бұл үрдіс жас режиссерлерге серпін беріп, жол ашып, кейінгі уақытта жылына 120 ға жуық отандық фильмдер түсіріліп жатыр. Яғни, жыл сайын Голливудқа кететін 100 млн долларға жуық ақша, енді елімізде қалуда. Ол дегеніміз 4-5 жылда 500 млн доллар!

Мұның барлығы креативтің арқасында. Осы креативті ойларымды пайдаланып еліме қызмет еткім келеді.

Облыс әкімдерімен кездесіп, көп ойларыммен бөлісіп жүрмін. Әзірге тек Түркістан облысы ғана креативті идеяларымды қолдады. Ешқандай айлықсыз және бюджеттен тыс.

Байқағаным, кейбір журналистердің мақалаларында “Сайқымазақ”, “Клоун” деген сияқты сөздер шығуда. Мен сайқымазақ емеспін, мен қазақпын! Ешкімге керек емес, ешкім мән бермитін әзіл саласында 25 жыл еңбек етіп, 5 мың теңгелік айлықтан, 100 миллион долларлық индустрияны қалыптастырған креативті продюсерлердің бірімін!

Мысалы, Қазақстан Республикасының Ақпарат министрлігінің вице-министрі - Кочетов Евгений деген азамат тағайындалғанда ешкім шулап, резонанс тудырмады. Мен де Кочетов Евгений сияқты еліме қызмет жасағым келеді. Неге мен өз елімде тіпті, айлығы жоқ қызметке тұрғанда, ақталып, пост жазуым керек?!

Негізі, негатив жазатындар көп емес. Айтқым келгені, елімізді дамытамыз десек, позитивті, текті қазақтардың белсенділігі қажет, - деп жазды Нұрлан Қоянбаев әлеуметтік желіде.

Танымал продюсерді оқырмандары қолдап, "нағыз патриот, мән бермеңіз, ит үреді, керуен көшеді" деп қолдау білдіріп, ісіне сәттілік тілеп, сенім артатындарын жарыса жазды. 

Сондай-ақ Түркістан облысының  әкімі Дархан Сатыбалды неге Нұрлан Қоянбаевты креативті кеңесші ретінде таңдағанын және ол облысқа қандай пайдасын тигізетінін түсіндірді.

Штаттан тыс кеңесші. Оған ешқандай айлық төленбейді. Қаржы бөлінбейді. Қайта біз оның тәжірибесін пайдаланып, істеп отырмыз.

Туристерді тарту үшін, креатив индустрия деп жатырмыз, соны дамыту үшін. Қазір сондай бір орталық ашып жатырмыз, соған өзінің кеңестерін береді. Тәжірибесі бар жігіт, неге тартпасқа? Түркістанға кім пайдасын әкелсе, бәрімен жұмыс істеймін, - деді әкім.

Еске салайық, бұған дейін Нұрлан Қоянбаев Түркістан облысы әкімінің креативті индустрияны дамыту бағыты бойынша штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалғанын хабарлаған едік.

Артынша әлеуметтік желілерде белгілі заңгер Айгүл Орынбектің Түркістан облысы әкімін креативті кеңесші емес, жемқорлықты жоятын кеңесші керек деп сынаған жазбасы пайда болды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 42
Ұнамайды 3
Күлкілі 3
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары