$ 494.87  520.65  4.91

«Тағдырын байлағым келген жоқ»: Жұлдызай Дүйсенбиева ажыраспақшы болған кезін еске алды

Отбасы болғасын ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, кейде күйеуіммен ұрысып қаламыз.

Фото: Видеодан кадр
Фото: Видеодан кадр

Белгілі актриса Жұлдызай Дүйсенбиева "Мамский әңгіме" подкастында қонақта болып, тұрмыс құрғаннан кейін көрген қиындықтарымен бөлісті. Актрисаның айтуынша, күйеуі оған керек кезде демеу бола білген, - деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Актриса бала көтеріп, оны түсіріп алғаннан кейін дәрігерлер оған енді сәби сүйе алмайсың деген.

"Тұрмысқа шыққаннан кейін бала көтердім. Бірақ баланы түсіріп алдым. Одан кейін маған дәрігерлер "сізде мүлдем бала болмайды", "сіз енді ана бола аламайсыз" деді. Емделу керек деп көп дәрі мен анализдер жазып берді. Мен жалпы көп жыламайтын, жыласам да, көрсетпейтін адаммын. Бірақ сол кезде үйге келіп, қатты жыладым. Себебі "ана бола алмайсың" деген ең ауыр сөз екен. Маған "23 жаста болсаңыз, бірдеңе өзгерте алатын едік, бірақ 33 жаста кеш" деді", - дейді ол.

Актриса осындай ауыр кезеңде жолдасы қолдау көрсеткенін айтты.

"Жолдасым жұмыстан келіп, жылап жатырғанымды көріп, не болғанын сұрады. Жылағаннан тіпті айта алмай отырдым. "Ажырасайық" дедім. Ол шошып кетті. "Мен бала туа алмаймын" дедім. Біреудің тағдырын байлағым келген жоқ. Күйеуім маған қарап күлді. Қолымнан ұстады да, "Жұлдызай, егер тағдыр, Алла Тағала сенімен баласыз қол ұстасып жүруді жазған болса, мен сенімен соңына дейін қол ұстасып кетемін" деді. Оның осы сөзі менің өмір сүруіме күшті көмектесті. Отбасы болғасын ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, кейде күйеуіммен ұрысып қаламыз. Сол кездердің барлығында осы сөздерді есіме аламын да, оны одан сайын жақсы көріп кетемін. Себебі бұл екінің бірінің қолынан келмейтін және айта алмайтын сөз", - дейді Жұлдызай Дүйсенбиева.

Жұлдызайдың сөзінше, жолдасы көрсеткен қолдау оны осындай қиын сәттен алып шыққан. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 15
Ұнамайды 0
Күлкілі 2
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары